Қыркүйектің 21-і күні Назарбаев Зияткерлік мектептері үшін ерекше күн болды. Өйткені бұл күні Ақтау қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектепке Каспий маңы елдерінің халықаралық «Жас. Жалын. Жаңғыру» атты жастар форумының қатысушылары келіп, білім беру жүйесіндегі ерекшеліктер, артықшылықтарымен, тәрбиелік және әлеуметтік жобаларымен танысты, оқушыларымен тілдесті, ойларын тыңдады.
Аталған форум мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаевтың Әзербайжан Республикасына жұмыс сапары барысында берген тапсырмасы бойынша ұйымдастырылды. Шараға Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген жастар және Каспий маңындағы көршілес елдің белсенді жастары қатысты. Ал зияткерлік мектепке келген құрметті қонақтардың бірі Әзербайжан республикасының жас делегаттары болды. Оларды Әзірбайжандағы жастар және спорт министрінің орынбасары Интигам Бабаев бастап келді. Құрметті қонақтарды «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ басқарма төрайымы Күләш Ноғатайқызы қарсы алып, зияткерлік мектептердегі білім беру жүйесімен таныстырып, оқушылардың мүмкіндіктерін көрсетті.
- Біздерге, жастар өкілі ретінде үлкен міндет жүктеліп отыр. Екі мемлекет арасындағы достықты сақтап және оны ары қарай гүлендіре түсіп, тамырымызды терең жаю тапсырылып отыр. Аталған шара мен жастар саясаты өзара жобалар бастап, дамытуға болады деп ойлаймын, – деді Әзірбайжан жастар және спорт министрінің орынбасары Интигам Бабаев.
- Форум делегаттарына ең алдымен оқу орнына кампус-тур ұйымдастырылып, кітапхана, физика, химия, биотехнология, робототехника кабинеттері, телестудия көрсетілді. Содан соң мектеп акт залында «Таратуға тұратын идеялар» форматында «TEDx NIS» кездесу өтті. Делегаттарға Ақтау, Ақтөбе, Шымкент, Алматы, Қарағанды қаласынан келген зияткерлер қызықты тақырыптардағы өз ойларын қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде ортаға салды. Сонымен қатар, мектеп спорт залында қоғамға пайдасы зор, зияткерлік мектептер арасындағы үздік ғылыми жобалар көпшілік назарына ұсынылды. Мәселен, атыраулық Абай Лоран есімді оқушы өртті дыбыс толқындары арқылы өшіру құрылғысын көрсетсе, Көкшетаудан келген Данияр Ануар ақпаратты қорғау үшін динамикалық шифрлау әдісін ұсынды.
- Зияткерлік мектептердегі білім беру жүйесі туралы көп еститінмін. Бірақ, көзбен көрген бөлек екен. Бүгін оқушылардың жобаларын көріп, ойларын тыңдадым. Өте тұщымды ойлар айтты. Осындай білімді іні-қарындастарымды көріп қатты қуанып тұрмын, – деді «Бекен» жастар орталығының директоры Мұқаш Бекенұлы кездесу барысында.
- Кездесуден соң делегаттар Зияткерлік мектептердің оқушылары ұйымдастырған Н.Жантөрин атындағы музыкалық драма театрында әлеуметтік жобалар мен тәжірибелер негізінде ұйымдастырылған «Ұлы дала мұрагерлері» атты шығармашылық кешіне аттанды. Рысгүл Рамазанова, Ақтау қаласындағы
Назарбаев Зияткерлік мектебінің
баспасөз хатшысы.