Оқушылар ғарыштағы бактериялармен күресу жолын ұсынды

Ақтау қаласы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 11-сынып оқушысы Джанибек Джурабеков пен Амина Әбіл, биология пәні мұғалімі Нұржан Ыбырайқожа Халықаралық ғарыш станциясында анықталған антибиотиктерге қарсы тұруға қабілетті бактериялармен күресу жолын іздеп жатыр. Жас зерттеушілер «Халықаралық станция ракеталарын патогенді микроорганизмдерден тазартудың қолайлы әдістері» атты ғылыми жобаларында станциядағы бактерияларды ультракүлгін сәуленің көмегімен жою мүмкіндігін айтты.

Айта кетейік, 2018 жылдың қараша айында NASA микробиологтары Халықаралық ғарыш станциясында Enterobacter атауын алған антибиотиктерге қарсы тұру қабілеті бар бактерияларының анықталғаны туралы хабарлаған еді. Бактериялар ғарышкерлерге арналған спорттық зона, дәретхана және станцияның сыртқы бөлігінен анықталған.

  • Ғарыш станциясындағы бактериялар антибиотиктерге қарсы тұра алатын болса және қандай дертке шалдықтырары белгісіз болса бұл ғарышкерлердің денсаулығына ғана қауіп төндіріп қана қоймай, жалпы ғарыш станциясының жұмысына кедергі келтіруі мүмкін. Сондықтан бұл тақырыпта зерттеу жүргізу маңызды, – дейді Джанибек Джурабеков.

Ғылыми жетекші Нұржан Ыбырайқожаның сөзінше, мектепте биология пәнінде патогенді бактериялармен лабораториялық жағдайда жұмыс істеуге және эксперимент жүргізуге тиым салынған. Сол себепті зерттеушілер синтезделген (жасанды) бактериялармен сынақтар жүргізген.

  • Біз эксперимент үшін Escherichia coli, Bacillus licheniformis, halocabacterium salinarumдеген түрлерді алдық. Бұл патогенді бактерияларға ұқсас. Ең алдымен бактериялардың көзін антибиотиктермен жойып көрмек болдық. Бірақ, бұлар адаптацияланып кетуіне байланысты оларды жою тиімсіз болды. Кейін біз ультракүлгін сәулелер (кварц) арқылы жойып көрдік және нәтижелі болды, – дейді Амина Әбіл.

Зерттеушілердің жобасына 14-19 наурыз аралығында Қызылорда қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде өткен ІХ Наурыз кездесулері ғылыми жобалар байқауына қазылық етуші ғалымдар да қызығушылық танытып, тіпті ІІІ орынға лайық деп тапқан.

Енді бұл сынақты арнайы лабораторияларда патогенді бактериялармен жүргізу арқылы нәтижесін бақыламақ. Егер тиімді болған жағдайда ғарыш станция ракетасының бортына арналған дезинфекциялық ультракүлгін құрылғысын ұсынуды жоспарлап отыр.

Пән мұғалімінің айтуынша, зерттеу жұмысына қызығушылық биология сабағында микроорганизмдер тақырыбын өту барысында туындаған.

  • Бұл жобаны күтпеген жерден қолға алдық. Оқушыларымның микроорганизмдерге қызығушылығын байқаған соң, бірігіп зерттеу жасап көруді ұсындым. Кейін ақпарат іздеу мақсатында NASA сайтына кірдік. Сол жерде бактерияларға қатысты мәліметтерге жолықтық, – деді биотехнология саласының магистрі Нұржан Пажарбекұлы.

Айта кетейік, Ақтау қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінен ІХ Наурыз кездесулері ғылыми жобалар байқауына 4 ғылыми жоба аттанған. Соның ішінде 11-сынып оқушысы Даяна Булатбекованың «Континентаралық ұшуларға арналған көпфунциональды зымыран» тақырыбындағы ғылыми жобасы ІІ орын иеленді.