Ата-анамен байланысты нығайтқан шара

Ұлтымыздың салт–дәстүрін ұлықтайтын, ұрпағымыздың ұлттық намысын, рухын жандандыратын ұлыс мерекелерінің қарсаңында, жатақхана ұжымының ұйымдастыруымен және ата-аналардың демеуімен “Амал – ізгілік бастауы” атты іс-шара болып өтті. Шараға келген ата-аналар жатақхана тәрбиеленушілерімен, қызметкерлерімен және қонақтармен қол алысып көрісіп, қыстан аман шығып, бір жасқа толуларымен құттықтасты.

Іс- шара барысында ата-аналармен бірлесе отырып, өздерінің Амал мерекесі туралы дайындаған Көрісу күнінің мәнін ашатын көріністерін көрсетіп, өнерлерін ортаға салып, білімділік деңгейін сарапқа салып, ұлттық киім үлгілері бойынша, ұлттық тағамдар мен ұлттық жәдігерлер туралы ақпарат беріп өтті. Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би ауылдарына біріктірілген 6 топ ата-аналары Амал мерекесіне дастархан жайып, қазы-қарта, бешбармақ, наурыз көже, құрт, балқаймақ, ірімшік, бауырсақ секілді ұлттық тағамдарды ұсынып, оларды дайындау жолдарымен таныстырды.

Әр топтың ата-аналары барлық кезеңдерде белсенді қатысты, десе де 7 сынып оқушыларының ата-аналары жоғары нәтижелер көрсетіп, алдыңғы орындарға лайық деп танылды. Өнерлі ата-аналар ән айтып, белсенді әкелер қауымы қол күрестіріп, мерекенің сәнін келтірді. Бұл шара ата-ана – жатақхана – оқушы арасындағы Үштік одақ байланысын нығайтқан, жас зияткерлеріміздің бойына ұлттық құндылықтарымызды сіңіре отырып, Отанға деген патриоттық сезімдерін арттыра түскен маңызды шаралардың бірі болды.

Барлық фото: https://vk.com/album-81854531_261734136