ОҚУШЫЛАР “СЫҒАН СЕРЕНАДАСЫН” САХНАЛАДЫ

Наурыздың 9-ы күні білім ордасының акт залында 11 “В” сынып оқушылары композитор Шәмші Қалдыаяқовтың шығармашылығына арналған “Сыған серенадасы” қойылымын мектеп ұстаздары, оқушылары, әкімшілігі алдында қойды. Олар аталған қойылымды 8-наурыз -Халықаралық әйелдер күніне тосын сый ретінде ұсынды.

Қойылымда қазақтың лиригі, ерекше композиторы, әнші Шәмшінің әнге деген құрметі мен махаббаты бейнеленген. 11-сынып оқушылары өмірі қойылымда өнер көрсетпесе де бүгін, көпшілікке оқиғаны шынайы өмірде болғандай етіп көрсетті. Көпшіліктің жүрегін тебірентіп, “Браво” сөзінің жиі-жиі шығуына себеп болған туындыға оқушылар бар мүмкіндігін, күшін сала ойнады.

– Сыныбымыздың оқушылары достарымызға тосын сый ретінде тектен тек алған жоқпыз. Басты себеп, Наурыз айында басталған “Ұлттық құндылықтар” айлығында #Қазақтыңәндері жобасының құнды шығармалары болып есептелетін Шәмшінің әндерінің шығу тарихына, оның орындалуына назар аударып, жиналғандардыі есіне қазақтың нағыз жұлдызы Шәмші атамызды тағы бір рет салайық деген ой еді, – дейді Изольданы сомдаған Айдана Оспан.
Зияткерлік мектептің ұжымы бала бойындағы бізге де, баланың өзіне де беймәлім дарынын ашып, бар дарынын жетілдіре түсуге жұмыстанатындығы баршамызға белгілі. Дарынды анықтау аталған қойылымда болды десек артық айтпаспыз. Өйткені, сынып кураторы Бибігүл Абатқызы, бас режиссер, актерлік шеберлік үйірмесінің жетекшісі Сәрсен Сүндет, өнер пәнінің мұғалімі Замира Ахметова, көркемдік жетекші Сержан Марсұлы есімді еңбекқор ұстаздарымыздың арқасында қойылымның басты кейіпкері Шәмшінің (Шамс) рөлін сомдаған Бауыржан Аймағанбетовтың ән айтуда туа біткен дарыны бар екені анықталды. Бұған дәлел өмірі ән салмаған Бауыржанның нағыз музыкалық қойылымда бас рөлді сомдап, көрерменнің ду қол шапалағына бөленуі.

– Біздің сыныбымызға сенім артып, осы қойылымды сахналауды тапсырған соң, бар мүмкіндігімізді сынап көрейік деп шештік. Көрермендерге ұнағанына қуаныштымын, -дейді Бауыржан қойылым туралы.

– Оқушылар қойылымды дайындауға бірнеше ай жұмсады. Өйткені рөлдерді сомдау және сахна декорациясы, актерлардың киімін дайындауға да уақыт талап етіледі. Жұмыстарының көптігіне қарамастан, актерлардың киімін тігіп берген Алмагүл Жұмаеваға, Шәмшінің картинасын салып берген Жазира Ахымбековаға алғысымыз шексіз, – дейді қоюшы режиссер Бибігүл Абатқызы.

Фото авторы: Хамза Сугуров, Рысгүл Рамазанова.

Қойылымның барлық фотосы мына жерде:

https://vk.com/album-81854531_252541098