ТӘУЕЛСІЗДІК КҮНІНДЕ 16 ҰСТАЗҒА МЕДАЛЬ ТАҒЫЛДЫ

Ақтау қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 16 қызметкері Тәуелсіздік күніне арналған «Халық шежіресі әндерінде» атты шаңырақтар байқауында «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ 10-жылдық мерейтойына арналған медальмен марапатталды. Ал 97 қызметкер мерейтой төсбелгісін иеленді.

Зияткерлік мектептердің мерейтойлық медалін мектеп директоры Ермек Пайзов табыстап, тәуелсіздік күнімен құттықтады. Ал естелік төсбелгілерін білім ордасы ашылғалы, оқу орнының дамуына елеулі үлес қосқан ұстаздар мен әкімшілік қызметкерлеріне мектеп директорының орынбасарлары табыс етті.

Мерекелік кеш мектеп кураторлары ұйымдастырған «Халық шежіресі әндерінде» атты әдеби-музыкалық шаңырақтар байқауымен жалғасты. Байқау зияткерілк мектептердің қазақ музыкасын дәріптеу мақсатында жүзеге асырылатын «Қазақтың 100 әні» жобасы аясында ұйымдастырылды. Мектептегі 16 шаңырақтың оқушылары қазақ әндерінің шығу тарихына қатысты оқиғалардан көрініс қойып, Үкілі Ыбырай, Кенен Әзірбаев, Сәкен Сейфуллин, Төлеген Айбергенов, Шәмші Қалдыаяқовтың, халық әндерін орындады. Шаңырақтар сайысын өнер саласының кәсіби мамандары бағалады.

* Балалар өткен оқу жылында ел тәуелсіздігіне себепкер болған тарихи оқиғалардан көрініс қойып жарысса, бұл жолы тәуелсіздіктің бағасын қазақтың әндерін орындау арқылы түсінді. Әр шаңырақ кураторларымен біріге отырып, қазақ әндерінің шығу тарихына тереңінен үңіліп, лайықты композиция қойып шықты, – дейді аға-куратор Марзия Түгелбайқызы.

Оқушылар «Қараторғай», «Айқарагөз», «Ақбаян», «Ойжайлау», «Тау ішінде», «Ақ ерке Ақжайық», «Бақыт деген» әндерін орындады.

Байқау нәтижесінде Үкілі Ыбырайдың «Қараторғай» әнін нақышына келтіріп орындаған «Қашаған жырау-2» және «Қарақия-2» шаңырағының оқушылары бас жүлдеге ие болды. Ал «Маңғыстау» және «Атырау» шаңырақтарының зияткерлері І-орынға лайық деп танылса, «Каспий» және «Әбіш ата» шаңырақтары «Ойжайлау» әнімен ІІ орынды иеленді. «Тамшалы», «Шерқала», «Саура»шаңырақтарына ІІІ орын бұйырды. Қалған қатысушы шаңырақтар алғыс хаттармен марапатталды.