Зияткерлер КТА ойналды

Зияткерлік мектеп оқушыларының көптен күткен арманы ақпанның 28-і күні орындалды. Өзін-өзі басқару ұйымының белсенді оқушыларының ұйымдастыруымен білім ордасының тарихында тұңғыш рет «Көңілді тапқырлар алаңы» өтті. 7-12 сынып аралығындағы оқушылар қатысқан сайысқа шаңырақтардан құралған 5 құрама команда қатысып, жиналғандарға тамаша көңіл-күй сыйлады.

«RAKAMAKAFO», «HOMO SAPIENS», «АMBASSADOR», «Мәңгілік зияткерлер» және «5-302» топтары мектеп өмірі, белгілі тұлғалар туралы әзілдер айтып, көріністер қойды. Сәлемдесу мен биатлоннан тұрған көңілділер жарысында «Ambassador» командасы жеңіске жетсе, «Homo Sapiens» екінші орынды қанжығалады. Үшінші орын  «5-302» 7-сынып оқушыларынан құралған командаға бұйырды.

Бұл сайыс оқушылардың әзіл айту деңгейін байқауға арналған алғашқы сайыс. Алдағы уақытта да жиі ұйымдастыру туралы ұсыныс түсті. Мұны мектеп әкімшілігімен ақылдасып, шешетін болдық, – дейді «Шабыт» өзін-өзі басқару ұйымының президенті Рауан Ибрагим.