«Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ балалардың жазғы уақыттарын тиімді ұйымдастыру мақсатында жыл сайын өлкелердегі білім ордаларында «Жазғы мектеп» ұйымдастырылады. Маңғыстау облысының жас зияткерлерімен қоса өлкедегі жалпы білім беру мектептерінің балаларына да білім арттыруға мүмкіндік берген жазғы мектеп биыл да сәтті өтті. 2017-2018 оқу жылында білім ордасында 400-ге жуық бала ақылы/ тегін жазғы мектепке қатысты.
Биыл да жазғы мектеп әдеттегідей бірнеше бағытта ұйымдастырылды.
Мамырдың 28-інен бастап Ақтаудағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушыларына арналған жазғы мектеп өткізілді. Бұл жазғы мектеп барысында балалар жазылым дағдыларын меңгеріп, жобамен жұмыс жасауды үйренді, лабораториялық жұмыстар жасады. Бұл жазғы мектепке 330 бала қатысып білімін шыңдады.
Зияткерлік мектеп жалпы білім беру оқу орындарының оқушыларына арналған ақылы курстарды да өткізді. Ағылшын тілі, биотехнология, робототехника секілді ақылы курстарда 43 бала білім арттырды, түрлі үйірмелерге қатысты. Мәселен, қатысушылар негізгі сабақ аяқталған соң қыш-құмыра, ән, би, домбыра үйірмелеріне қатысып, жоба жасады. Каспий жағалауының тастарына сурет салып, өз қолдарымен қышқа сурет салып, қолданылған қағазды қайта пайдалануды одан папье машье техникасы арқылы сәндік бұйымдарды жасауды үйренді.
Маңғыстау облыстық білім басқармасымен зияткерлік мектеп арасындағы меморандум аясында білім ордасында қосымша мүжәлсіз отбасылардан жиналған 30 бала жазғы мектепке тегін қатыстырылды.
Жазғы мектеп уақыты 1 маусым – халықаралық балалар күнімен тұспа-тұс келуіне байланысты білім ордасының ұстаздары балаларға сыйлық дайындады. Олар балалар мерекесінде спорттық жарыстар ұйымдастырып, мектеп алаңында жерге сурет салдырды.
Қызықты курс 8 маусым күні салтанатты жиын арқылы жабылды. Курс қатысушылары үйірмелерде жасаған бұйымдарын көрме ретінде көрсетіп, ата-аналарын қуантты. Содан соң балалар курстарда үйренген білімдерін қойылым арқылы көрсетті. Мәселен ағылшын тілі курсының балалары көрініс қойып, ән айтса, робототехника үйірмесінің балалары өздері жасаған роботтардың функцияларымен таныстырды. Ал биотехнология курсының оқушылары қызықты химиялық эксперименттер жасап жиналғандарды таң қалдырды. Сонымен қатар, өздері жасаған ғылыми жобаларын да ұсынды.
-
Мен робототехника үйірмесіне қатыстым. Біздер бірнеше платформада бағдарламалауды, робот құрастыруды үйрендік. Балалармен қызықты уақыт өткіздік. Маған жазғы мектеп ұнады, – дейді робот құрастыруды үйренген Ербол Қосай.
Ақтау қаласындағы
Назарбаев Зияткерлік мектебінің
баспасөз қызметі