“Назарбаев Зияткерлік мектептерінде” “Ақылды бейсенбі” жобасы жүретіні белгілі. Аталған жоба болашақ түлектерге мамандық таңдауда жол сілтеуге, кеңес беруге, үлгі болуға арналған. Мұнда әр түрлі мамандық иелері мектепке келіп, өз тәжірибелерімен, мамандық ерекшеліктерімен бөліседі. Сондай қызықты кездесулердің бірі, бүгін ҚР Тұңғыш Президенті күніне орай өтті. Білімпаздар ордасына ҚР Президенті ғана тағайындайтын, адам тағдырын шешуде зор ықпалы бар, аса жауапты мамандық иелері – Маңғыстау облысының судьялары келді.
Кездесудің басты қонақтары – сот саласында 30 жылдық өтілі бар, бүгінде Маңғыстау облысының судьясы Есбағанбетов Шаншарбек Орынбайұлы және судья Бақытжанова Гүлажар Қоянбайқызы болды. Олар зияткер оқушылармен “Құқықтық Қазақстан” тақырыбында пікір алмасты. Ең алдымен мектеп директоры Ермек Пайзов, оқушыларға қонақтарды таныстырып, аса тығыз жұмыс кестесіне қарамастан оқушылар үшін уақыт бөліп келгендіктеріне алғыс айтты.
Содан соң, Шаншарбек Орынбайұлы, сот жүйесі, сот процесі және құқық саласында Қазақстанның халықаралық аренадағы рөлі мек, әлемдік тәжірибелер жөнінде ой бөлісті. Оқушылар адам өміріне жауапты маман болу үшін қандай дағдыларды қалыптастырып, қандай негізге сүйену керектігі ерекше қызықтырды. Сонымен қатар, Гүлажар Қоянбайқызы балалардың қызығушылығына орай ашық сот процесіне қатысуға шақырды.
Сөз соңында облыс судьялары зияткерлік мектепке естелік ретінде “Шерқала” портретін сыйға тартты.
Рысгүл Рамазанова
Ақтау қаласындағы
Назарбаев Зияткерлік мектебінің
баспасөз хатшысы