Зияткерлер Алматыдан жүлдемен оралды

Ақтау қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 11 «D» сынып оқушысы Фарида Оспанова ғылыми жетекшісі Айгүл Айтанмен бірге Түпқараған ауданының территориясында орналасқан Қапы аңғарын туристік орталыққа айналдыруды ұсынды.

Алматы қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде өткен аптада ұйымдастырылған ғылыми жобалар сайысына қатысқан Фарида Оспанова Қапы аңғарын туристерге қызық болатын орындардың бірі деп санайды.

  • Біз оқу жылының басында қазақ тілі және әдебиеті пәні мұғалімім Айгүл ілесқызымен Қапы аңғарына бардық. Сол жердің сұлулығын көріп не себепті туристік кешенге айналдырмасқа деген ой келді. Қапының туристік орталық болуына мүмкіндік беретін бірнеше себеп бер: аңғардың ішкі-сыртқы әдемі көрінісі; Қапы ішіндегі көне құдықтар мен тас астаулар; Тіп-тік таудың бауырындағы шар тәріздес, кісі бойынан асатын, қашалып жасалған құпия жазулары бар аумақты дөңгелек тас пен соның көлеміндей күп және тау етегіндегі мәуелей өскен тұт ағашы; Қапы ішін бойлай аққан ащыағар сулары мен Таушықтан Сарытасқа дейін тартылған теміржолдан қалған бейне-белгілер; Қапы ішіндегі “Елбасқан” жері; Аңғар бойлап қаптай өскен жыңғыл ағаштары,тау шыңдарының төбесінен қарап тұрған арқарлар, – дейді Фарида.

Оның айтуынша, ғылыми жоба барысында қазылар алқасына туристік орталық атану үшін атқару керек жұмыстар ұсыныс ретінде берілген.

  • Біздің ойымызша келесідей жұмыстар атқарылса, бұл жер саяхатшыларды ерекше қызықтыра түсер еді:Қапы ауызына жақын жерден саяхатшылар көңілінен шығатындай туристік комплекс-парк тұрғызу,тұрғын жайдан дөңгелек,таңбалы тас тұсына дейін аспалы көпір тартып,одан төмен тау етегіне түсетін тас баспалдақ жүргізу және т.б., – дейді жоба жетекшісі Айгүл Ілесқызы.

Байқау барысында қазылар алқасы оқушының жұмысын ерекше бағалап республикалық сайыста «өлкетану» секциясында екінші жүлделі орынға ие болды.

Сонымен қатар, Ақтау қаласындағы зияткерлік мектептен аттанған 11 «D» сынып оқушылары Ғаламмадин  Асқар мен Гүлназ Жұмахан да жалпы білім беретін пәндер бойынша ғылыми жобалар конкурсының физика пәні секциясында «Күн батареяларын ауыл шаруашылығында қолдану және оның тиімділігін актуатор арқылы арттыру» тақырыбындағы жұмысымен үшінші орынға ие болды. Сонымен қатар, 9-сынып оқушысы Ерлан Тұралы да техника секциясында үшінші орынға, «тіл білімі» секциясы бойынша 10-сынып оқушысы Айдана Бакитова бірінші орынға лайық деп танылды.

  • Жарысқа 12 ғылыми жоба өтті. Бірақ соның 8-і аттанып, 4-еуі жеңімпаздар қатарынан көрінді, -дейді мектеп директорының ғылыми-әдістемелік жұмыстары бойынша орынбасары Бақытгүл Жақсылықова.