Желтоқсанның 7-сі күні Ақтау қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде «Тарих. Тәуелсіздік.Тағылым» тақырыбындағы Қазақстан тарихы, география пәндерінің қазақ тілімен кіріктірілген апталығы аясында «Жыр-жебе» жас ақындар мектебінің оқушылары мен Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары арасында «Жырлаймын желтоқсанның жұлдыздарын» тақырыбында ақындар айтысы өтті.
Айтыстың басты мақсаты – сөз сардарлары ойнақы орамды, суырып салма өнерді қайта жаңғырту, от ауызды, орақ тілді шешендік сөз құдіретін түсіндіру еді. Айтыс басталмас бұрын «Жыр-жебе» жас ақындар мектебінің төрағасы, қазақтың сөз өнеріне сүбелі үлес қосып жүрген, облыстық, республикалық ақындар мүшайрасының, ақындар айтысының жүлдегері, талай сурып салма шәкіртті додаға салып жүрген жетекші – Фархад Мұсаев Әбдуғалиұлымен мектеп оқушылары арасында сұқбат алынды. Сұқбатты 11-сынып оқушысы Динара Темірбекова өзі дайындаған ашық сұрақтарымен жүргізді. Сауалдар легін тыңдармандар мен көрермендерге бергенде, оқушылар тарапынан бірнеше сұрақтар қойылып, еркін де ұтымды (шежіреден, жыраулардан жатқа мысалдар келтіріп, көсіліп) жауаптар алды, ойларымен бөлісті. Жүздесу соңында Фархад Мұсаев: «Мен бүгінгі осындай білімді де саналы оқушылармен, жастармен кездесіп, ой бөліскеніме қуаныштымын, әсіресе, жастардың сұрақ қою деңгейінен-ақ өрелі ұрпақ көріп, ризамын»,-деді.
Кездесуден соң, жұптар рет-ретімен тақырып бойынша айтысты. Айтыс өте тартысты өтті. «Жыр-жебе» мектебінің ақындарының домбыра қағысы мен үні, ұйқас ұстаудағы ұтымдылығы біздің мектептің тек қатысушылары емес, көрермен оқушыларына да өзіндік намыс арқылы шабыт беріп отырды. Негізгі көзделген мақсат та осы еді – айтыс мектебіннің оқушыларымен додаға түсіп, өздерінің тек білімін емес, суырып салма өнеріндегі сөз қайтаруын сынап көру, үйрену, тәжірибе алмасу болатын. Айтыскерлердің тақырыпты тарихпен ұштастыра жырлауы, желтоқсан құрбандарына деген мәңгілік сыйластығын жырға қосып, жастардың санасын оятып, ұлттық рух бере білді.
Айтыс соңында қатысушылар мараппатталып, «Жыр-жебе» ақындар мектебінің төрағасы Фархад Мұсаев Әбдғалиұлына мектеп директорының атынан халқымыздың рухани мұралары мен құндылықтарын өскелең ұрпаққа насихаттау мақсатында айтыс алаңын ұйымдастырып, зияткерлердің көшбасшылығы мен шығармашылығын дамытуға қосқан үлесі үшін Алғыс хатымен марапаттап, ұйымдастырушы қазақ тілі кафедрасы ризашылығын білдірді. Бас жүлдені өзіндік мақамы мен өткір тілділігімен суырып салмалығымен Сардар Ердаулет («Жыр-жебе» ақындар мектебі), 1-орынды Мағжан Жұмабай («Жыр-жебе» ақындар мектебі), 2-орынды Шарықтыбай Айғаным (НЗМ,11-сынып), Алшын Суемов («Жыр-жебе» ақындар мектебі), Рамазан Тезекбай («Жыр-жебе» ақындар мектебі), 3-орынды Бекзат Орынбасар (НЗМ, 11-сынып), Мейірбек Саламатов( «Жыр-жебе» мектебі), Мирас Қарасай (НЗМ,8-сынып) иеленді. Жүлдегерлерге арнайы Дипломдар мен сый-сияпаттар табысталды.
Жұрт алдында суырып салып, айтылатын сөз сайысы, жыр жарысы тек ақындықты емес, ұтымды жауап қайтаруды да, салмақты ойлылықты да, білгірлікті де, ұстамдылықты да, сөзге жүйріктікті де талап ететін поэзияның ең қиын да күрделі түрі-айтыс өнерін ұлықтап, ана тіліміздің қадір-қасиетін асқақтатар жастарымыздың санасы биік болсын,ағайын!
Айтан Айгүл Лесқызы / Айтмұхан Нұргүл Айтмұханқызы
Қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалім-модераторлары