Өңірімізде Ақтау қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің ашылғанына көп болмаса да, білім ордасының ұстаздары тәжірибе трансляциялау жұмыстарын қарқынды жүргізіп жатыр. Өйткені бүгінгі таңда білім беру саласында зияткерлік мектептердің білім беру жүйесі озық болып отыр.
Сондай тәжірибе бөлісу шарасы қаңтардың 10-ы күні ұйымдастырылды. “Назарбаев Зияткерлік мектептерінің тәрбие жұмысынан” тақырыбында атты облыстық семинарға Маңғыстаудағы 45-тен аса мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары қатысты.
Мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Алтынзер Ихсанова мен педагог-кураторлары “Ата жұмысындағы 10 күн”, “Қазақтың 100 әні”, “100 күйдің тарихы”, “TEDx” шешендік клубы, “Туғал елге тағзым” өлкетану-зерттеу экспедициясы секілді тәрбиелік мәні зор жобалармен таныстырып, өз мектептерінде белсенді қолдануға шақырды.
* Назарбаев Зияткерлік мектептерінің баланы тәрбиелеу мақсатында жүзеге асыратын және оқушының уақытын тиімді ұйымдастырып, қабілеттерін шыңдайтын жобалары өте көп. Сондай жобаның бірі «Қоғамға қызмет ету» әлеуметтік жобасы. Бұл жобаға балалар мүжәлсіз отбасыларға, қарттар үйіндегі қарияларға көмектесу арқылы қатысып, қоғамға өз үлестерін қосады, – дейді педагог-куратор Гүлнат Абсейтова.
Оның айтуынша, бұл жобаға оқушылардың ата-аналары да белсенді қатысады. Өткен оқу жылында бірнеше ата-ананың бірігуімен Маңғыстаудағы жағдайы нашар отбасыға материалдық көмек көрсетіліпті.
* Балалар ата-аналарымен бірге сол отбасыға азық-түлік, аз-маз киім кешек апарып берді. Бұл игі шараның арқасында балалар қайырымдылық көрсете білуге, қоғамды өзгерту өз қолдарында екенін түсінсе, ата-ана мектеппен тығыз қарым-қатынаста болып, тәрбие мектеп және ата-ана тарапынан да берілді, – дейді ол.
Қазіргі таңда балаға тәрбие беру бірнеше функциялардан тұратындығы да айтылды семинар барысында. Мәселен, бала тәртіпті, мейірімді болып қана қоймай көшбасшылық қабілеттерін де шыңдай түсуі тиіс. Шәкірт бойындағы қабілеттерді шыңдайтын «TEDxNIS» жобасы туралы білім ордасындағы жаһандық перспективалар және жобалық жұмыс пәнінің мұғалімі Нұрислам Ибраимов айтып берді.
* Зияткерлік мектепте бұл жобаның өткізіліп келе жатқандығына биыл төртінші жыл. Бұл клубта балалар шешендік сөйлеу қабілетін шыңдап қана қоймай, аудиторияны басқару, ұялшақтықтан арылып, сахнада өзін-өзі ұстауды меңгереді. Балалар белгілі бір тақырыпта креативті түрде ой бөлісуді үйренеді, -деген ұстаз, осындай клубты жалпы білім беру мектептерінде де жүзеге асыруға болатындығын жеткізді.
Ал Мұнайлы ауданындағы №13 мектептің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Бердіхан Суюнов бұл жобаның ерекше ұнағанын айтты.
* Бүгінгі семинардан көпетеген пайдалы ақпараттар алдым. Ең ұнағаны -«TEDxNIS» шешендік сөйлеу клубы болды. Дәл қазір осы жобаны өз мектебімізде жүзеге асыру ниеттеніп отырмын, -деп ой бөлісті ол.
ҚР президенті Нұрстұлтан Назарбаевтың 2018 жылғы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты жолдауында Назарбаев Зияткерлік мектептерінің тәжірибесі барлық жалпы білім беру мектептеріне үлгі болу керектігі айтылған еді. Мемлекет басшысының жолдауынан кейін зияткерлік мектептер тәжірибесін тарату қарқынды үріп жатыр. 2018-2019 оқу жылының қыркүйек пен желтоқсан айлары аралығында Ақтаудағы мектеп 400-ден аса тәжірибе бөлісу шарасын өткізді.