Ақтау қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 2021-2022 оқу жылын тәмамдаған 105 түлектің 98-і, яғни 93%-ы қазақстандық және шет елдік жоғары оқу орындарының білім грантына ие болды. Бұл туралы білім ордасының кәсіби бағдар жөніндегі кеңесшісі Сауле Алдабергенова хабарлады.
Биылғы оқу жылында зияткерлер Ресей, Түркия, АҚШ, Жапония, Германия, Малайзия, Канада, Гонконг, Қытай, Венгрия, БАӘ елінің білім гранттарын жеңіп алды. Ал еліміздегі ең белді жоғарғы оқу орны Назарбаев Университетіне 26 оқушы түссе, 62 зияткер мемлекеттік грант иегері атанды.
Түлектер биыл медицина, ІТ, туризм, менеджмент және педагогика бағытындағы мамандықтарға басымдық берген. Мәселен, ІТ саласында 22 түлек білімін шыңдаса, 11 түлек жалпы медицина саласында маман атануға ниет білдірген.
– Назарбаев университетінің мүмкіндіктері өзге шет елдік жоғары оқу орындарының мүмкіндіктерінен асып түседі деп есептеймін. Сол себепті де білім грантының иегері болғым келді. Университеттің берері мол екендігіне сенімдімін. Зияткерлік мектептер желісі мен әрбір ұстазыма алғысым шексіз. Менің жетістігім – солардың жетістігі, – дейді Назарбаев Университетінің студенті атанған, Аймұрат Жеткізгенов.