Желтоқсанның 12-сі күні Ақтау қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің кітапханашылары облыс орталығындағы 18 мектептің кітапханашыларына «Оқушылардың кітап оқу мәдениетін қалыптастырудың белсенді әдістері» тақырыбында семинар өткізді. Мектеп кітапханашылары балалардың бойында кітап оқуға қызығушылықты арттырып, кітап оқуды дағдыға айналдыру әдіс-тәсілдерін көрсетті.
Семинарда алғаш боп мектеп директорының бейінді-эксперименталды жұмыстары жөніндегі орынбасары Рыскүл Имамбаева ашты. Қазіргі таңда балаларға кітап оқытуда мектеп кітапханашыларының жаңа рөлін айтқан ол, зияткерлік мектептің тәжірибе трансляциялау жұмыстарына тоқталды. Кейін мектеп психологы Айгүл Тасанова кітапханашыларды өзара етене жақын таныстыру мақсатында «Ұжымдық күш бірлігін арттыру – топ ынтымақтастығының негізі» тренингін өткізді.
Семинардың негізгі бөлімін аға кітапханашы Жанар Бахитова “IFLA-2017”, “IASL-2017”, “ IASL-2018” халықаралық конференциялары туралы баяндаудан бастады.
- IASL конференциясы жыл сайын әлемдегі барлық кітапханашылардың басын қосатын дүниежүзілік конференция. Мұнда сабақ оқыту процесі барысында кітапхалақы бағдарламаларды дамыту, жүзеге асыру, ақпараттық ресурстардың сапалалығын арттыру, мектеп кітапханашыларының кәсіби біліктілігін арттыра түсу, кітапхана саласының қоғамдық өмірге араласуы мәселелрін талқыға салатын алаң. Жыл сайын өткізілетін конференцияға «Назарбаев Зияткерлік мектептерінің» де тәжірибесі бөлісіліп, айтылады, – деп түсіндірді, – Жанар Бахитова конференция мақсатын.
Кейін мектеп кітапханашылары балаларға PLICKERS онлайн тест құрастыру, мерзімді басылымдармен практикалық жұмыстарын жасады.
Зияткерлік мектептерде балалардың кітап оқуға қызығушылығын оятатын қызықты әдіс-тәсілдің бірі «Әдеби джем». Бұл туралы Динара Қайратбекқызы түсіндіріп, активити көрсетті. Кітапханашылардың қызығушылығын оятқан «Қолдан жасалған 3 D кітаптар», “Қазақтың 100 әні” жобасы. Вака әдісі арқылы өлең жолдарын жалғастыру, «Мен сізбен өлең арқылы сөйлесемін» жобалары болды.
Семинарға келушілер мұндай тәжірибе бөлісу шаралары кәсіби тұрғыдан өсуге, кітапханаға балаларды ғана емес жалпы халықты тартуға ықпал ететіндігін жеткізді.
Ақтаудағы №14 орта мектептің кітапхана меңгерушісі Меруерт Есбергенова зияткерлік мектептер ұйымдастыратын тәжірибе трансляциялау семинар-тренингтеріне үнемі қатысады. Өткен оқу жылында ұйымдастырылған кітапханашылардың облыстық семинарына қатысқан ол, өз мектебіндегі белсенді оқушылармен бірігіп Маңғыстау облыстық перинаталдық орталығындағы 80 әйелге кітаптар үлестірген.
- Кітапханаға келушілердің қоғамдық өмірге жиі араласу мақсатында біз оқушылармен бірге аналарға әдеби кітапшаларды үлестірдік. Көптеген аналар бала тәрбиесіә үшін кітап оқу маңызды екендігін айтып, алғысын білдірді, – дейді ол.
Семинар соңында барлық кітапханашылар өздері әкелген кітаптарды құпия достарына таратып «Кітап әлемді бағындырады» акциясын жүзеге асырды.