ОҚУШЫЛАР ТҰҢҒЫШ РЕТ АЙТЫС ӨТКІЗДІ

Наурыздың 17-сі күні  мектебімізде Наурыз мерекесіне орай оқушылар арасынды тұңғыш рет айтыс өткізілді. Көктемнің алғашқы күндерінде тойланатын мерекеде «Ойланамыз, толғанамыз ел жайлы» тақырыбында өткен сөз бен ой жарысына 7-11 сынып оқушылары қатысты.

Керемет кешті 10-сынып оқушысы Айғаным Шарықтыбай “Наурыз-думан” әнімен ашып, барша көрерменге берекелі де мерекелі жыл тіледі. Содан соң мектеп директоры Ермек Серікұлы сөз алып, қазақтың ең асыл құндылықтарының бірі айтыстың өтіп жатқанына шын жүректен қуанышты екенін, шараның өтуіне белсенді атсалысқан тәрбие блогына алғысын білдіріп, сөзжарысының шымылдығын ашты.

– Ойын, той, ас, қыз ұзату, келін түсіру, шілдехана тәрізді ұлттық шараларда жүйрік ат, білекті палуандармен бірге айтыс ақындары да қатысып, олар айтыс арқылы халықты жақсылықтарға үндеп, намысын қозғап, халықты тәрбиелейтін болған. Зияткерлік мектептің миссиясы жас көсбашыларды өмір бақи ізденуге оқуға баулу болғандықтан және ұлттық құндылықтарымызды ұлықтау болғандықтан айтысты өткізу арқылы халқымыздың игі өнерін балалар бойына құюды жөн санадық. Биыл Наурыздың ерекшелігі де осы, – дейді мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Алтынзер Ихсанова.

Ең алғашқы боп Қарасай Мирас пен Аманқос Мөлдір «Тәрбие тал бесіктен» тақырыбында ой алмасты. Содан соң “Ата-анаға құрмет” тақырыбына Санат Құралай мен Нәби Санжар сөз жарыстырды. Екі оқушының тұщымды ойларын тыңдағаннан кейін айтыс жүргізушісі Мұстафа Шоқай айтыстың үшінші жұбы Башеев Нуртас пен Дайрабек Ілиясты сахнаға шақырды. Бұл жұптың тақырыбы – Отан, туған жер болды. Төртінші жұп – Ақкөлұлы Райымбек пен Қарабай Салтанат келіп, «Ұстазға құрмет» тақырыбын өрбітті. Ал соңғы болып айтысқан Кушанов Темірлан мен Сейіт Бекзат “Жеті жұрттың тілін біл” тақырыбын қаузады

Әділ қазылардың шешімімен бас жүлдені 10 “А” сынып оқушысы Кушанов Темірлан жеңіп алды. Ал бірінші орын, мектебіміздің өзін-өзі басқару ұйымының президенті Ақкөлұлы Райымбекке бұйырды. Ал екінші орынды Темірланның қарсыласы Сейіт Бекзат иеленді. Ал үшінші орын 10 “Е” сынып оқушысы Салтанат Қарабайға берілді.

Дүбірлі айтыс көптің көңілінен шығып, алдағы уақытта тағы ұйымдастырылса екен деген тілек білдірушілер қатары көп болды.

Рысгүл Рамазанова,

Ақтау қаласындағы

Назарбаев Зияткерлік мектебінің

баспасөз хатшысы