Оқушылар өнерлерін Мәулен Әшімбаевқа таныстырды

Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз мерекесі Ақтау қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары мен Маңғыстау облысы тұрғындарының жадында ерекше сақталды. Өйткені зияткерлер ордасының он саусағынан бал тамған шеберлері мен инновациялық технологияларды тиімді қолданатын, роботсүйер оқушылары әз-Наурызды көпшілікпен бірге Каспий жағасындағы алаңда қарсы алды. Зияткерлік мектеп ұжымы арнайы киіз үй тігіп, білім ордасының соңғы жетістіктерімен Маңғыстау жұртшылығын таныстырды.

Мерекеде, қолөнер үйірмелеріне белсенді қатысып жүрген оқушылар өздері жасаған қолөнер бұйымдарын киіз үй ішіне көрме ретінде ұйымдастырып, көпшілік назарына ұсынды. Бұл жерден гобелен тоқу, акрильмен сурет салу, тоқыма, киізден жасалған, әртүрлі қолдан жасалған әшекей бұйымдарды, су бетінде сурет салуды, заманауи стильдегі дорбаларды көруге болатын еді. Келушілерді тағы бір қызықтырған қыш өнері болды.

9-сыныпта оқитын Нұрдаулет Дүйсенов киіз үй ішінде қыш құмыра жасау арқылы келушілердің қызығушылығын оятты.

  • Қыш-құмыра жасау үйірмесіне биылғы жылдың қыркүйегінен бастап бара бастадым. Алғашында сазбен жұмыс жасау қиын болды. Бірақ кейін үйрендік. Аптасына екі рет болады. Ұстазымыз Асқар Камаладін бізге бар білгенімен бөліседі. Қазіргі таңда қышты күйдіруді меңгерудемін, – дейді ол.

Облысымыздағы кішкентай бөбектер келіп балалардың өнерін тамашалап жатты.

Ал киіз үйдің оң жағында наурыз айының ортасында VIII Наурыз кездесулері ғылыми жобаларға қатысып келген Назерке Аманқосова, Алихан Нұркамал, Нұрдаулет Төребай, Айдана Бисен және Светлана Заркум, Назерке Бектің ғылыми жобаларынан құралған кішкентай көрме жайғасты. Балалар өз жобаларының тиімділігі мен маңыздылығын, жобаны жасау туралы ой қалай келгенін айтып берді. Жобалар тұрғындарды ғана қызықтырып қойған жоқ, сондай-ақ наурыз тойға арнайы келген «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаевты және Маңғыстау облысы әкімі Ералы Тоғжановты да  қызықтырды. Жас дарындардың жобаларымен танысқан олар балалар еңбегін жоғары бағалады.

Зияткерлік мектептің жұмысын алға жылжытып, үнемі бақылап отыратын қамқоршылар кеңесінің мүшелері де бұл мерекеден табылды. Олар киіз үйге кіріп, көрмемен танысып, жобаларға қатысты ұсыныстарын да айтты. Өлкеміздің белсенді ақсақалдары да киіз үйден дәм татты.

Мерекені тойлау кезінде киіз үйдің сыртында робототехника үйірмесінің қатысушылары NXT, EV3 маркалы лего-роботтарынан құралған роботтарды балаларға таныстырып, жарыстырып жатты. «Керемет» би тобының бишілерді де жиналған халыққа қазақ билерін, мектеп флешмобын билеп көңілдерін көтерді. Ал халықтың делебесін қоздырған домбыра үйірмесінің оқушылары болды. Олар қазақтың күйлерін топ болып күмбірлете ойнап, «ай да шап» дегізді. Балалардың өнеріне тәнті болған келушілер көпке дейін тарамай, қол соқты.

Зияткерлік мектептің асхана ұжымы да мерекеде тұрғындарға бауырсақтар мен ыстық палау таратып, шұбат ұсынды.

Айта кетейік, осындай масштабтағы Наурызды тойлау мерекесіне Ақтау қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің ұжымы мен оқушылары алғаш рет шығып тұр. Көпшіліктің көңілінен шыққан мұндай мерекелерге дарынды оқушылар әлі талай қатысады деп сенеміз.

Рысгүл Рамазанова

Ақтау қаласындағы

Назарбаев Зияткерлік мектебінің

баспасөз хатшысы