ОҚУШЫЛАР АМАЛДЫ ОТПАН ТАУДА ҚАРСЫ АЛДЫ

Батыс Қазақстан тұрғындары, соның ішінде Маңғыстау жұртшылығы Наурыз мерекесін 14-наурыздан бастап тойлайтындығы баршамызға мәлім. Бұл күні өлке тұрғындары “Отпан тау” тарихи-мәдени кешеніне жиналып, бір-бірімен көрісіп, бәйге шаптырып, концерт тамашалап, ұлттық ойын түрлерін ойнап, үлкендердің өсиетін тыңдайды.

 

Көрісудің мәні – жаңа жылға аман-есен жетіп, жүздесіп, қол алысуда, екіншіден, бір-бірін арнайы іздеп барып амандасатын ағайын арасындағы сыйластықты жоғалтпауда, үшіншіден, үлкенге барып көрісуді міндет санаған жасы кішілердің сыпайылығын сұйылтпауда жатыр. Соңғы жылдары Маңғыстаудағы «Отпан тау» тарихи-мәдени кешенінде Адай ата кесенесі маңында «Амал» мерекесін қарсы алу дәстүрі қалыптасты. Шараны ұйымдастыру, жаугершілік заманда жағылған Ұран отын бейбіт ел буынының өткендердің рухына тағзым етуі сипатындағы Тағзым отын жағу, келген қонақтарды орналастырып, күту, ұлттық ойын-сауық, ән-жыр сайыстарын насихаттай өткізу жыл сайын сегіз арыс Адай ата ұрпақтарының әр ауылына міндеттеледі.

Ерекше мейрамға биыл Зияткерлік мектептің оқушылары алғаш рет қатысты. Балалар құр бармай, өнер пәнінің мұғалімдерімен бірлесе отырып, көрме- жәрмеңке ұйымдастырды, домбырамен шашуын ала барды. Көппен бірге аламан бәйгені тамашалап, «Армысың, Амал!» атты облыс жыршыларының қатысуымен жыр кешіне қатысты.