Маңғыстау мұғалдімдері шет елдік мұғалімдермен кездесті

Ақпанның 10-ы күні Ақтау қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебіне өлкедегі Педагогикалық шеберлік орталығында кәсіби деңгейлік курсын оқып жатқан физика, информатика, ағылшын, химия, биология пәнінің 29 мұғалімі келіп, білім ордасында сабақ беріп жатқан шет елдік ұстаздармен жүздесті. Маңғыстау облысының түкпір-түкпірінен жиналған мұғалімдерді әкелген Қатира Боранбаеваның сөзінше, кездесудің басты мақсаты – алдағы уақытта ағылшын тілінде профильді пәндерді өткізетін мұғалімдерге іс жүзіндегі тәжірибені көрсету.
Олар зияткерлік мектепте биология пәнінің мұғалімі Виджалюкшми Ишаак, химия пәні мұғалімі Патрик Матеуана, физика пәні мұғалімі Дудузел Джойс және информатика пәнінің мұғалімі Питер Кокспен жүздесті. Кездесу барысында жергілікті мұғалімдер ағылшын тілінде сабақ берудің ерекшеліктері, артықшылықтары, қолданылатын әдістемелер, кемшін тұстары жөнінде сауалдар қойды, жауап алды.

Кейін мектеп директорының кәсіптік сынама жұмыстары жөніндегі орынбасары Ринат Жұмабаев ағылшын тілінде тиімді сабақ беруде «төңкерілген сабақ» (Flipped classroom) әдісінің тиімділігін айтты. Оның айтуынша, балаға да, мұғалімге де сабақ үстінде бірден ағылшын тілінде сөйлеп кету оңай емес. Сонымен қоса, мұғалімге де өз пәнін ағылшын тілінде жүргізуде практика қажет. Бұл жағдайда төңкерілген сабақ әдісі өте тиімді. Бұл әдіс балаға қашықтықтан оқуға, өткен тақырыпты еске түсіруге, түсінбеген тақырыбын бірнеше мәрте тыңдауға берілетін мүмкіндік.
– Кейде бірнеше тараудан тұратын күрделі сабақтарды қолдануда осы әдістеме көп көмегін тигізеді. Тақырыптың теориялық жағын видеоға айтып түсіндіріп, оны желіге жүктеп балаға алдын ала дайындалып, өзіндік ізденіс жүргізуге мүмкіндік бересің. Ал сабақта оның тәжірибе жинауына қате тұстарын түзетуге күш саласың. Бұл тұрғыдан өте тиімді, – дейді Ринат Нұрланұлы.

Сонымен қатар келушілер, шет елдік мұағлімдердің сабақ жүргізу әдістемесін көру үшін сабаққа кірді. Бірнеше күн бойы ағылшын тілді пән мұғалімдерінің сабағын көрген мұғалімдер қорытынды емтиханды жоғары нәтижемен тапсыру мақсатын қойды.
Ақтау қаласындағы
Назарбаев Зияткерлік мектебінің
баспасөз қызметі