БІЗ КИНОНЫ ҚАЛАЙ ТҮСІРДІК? немесе Телестудия үйірмесіндегі бір күн туралы

Еліміздегі ең үздік оқу орындарының бірі саналатын Назарбаев Зияткерлік мектептерінде Телестудия үйірмесі жұмыс жасайтыны көбімізге мәлім. Бұл үйірме аясында мектеп оқушылары сабақтан бос уақытта тележурналистиканың қыр-сырын меңеріп, әр түрлі тақырыптардағы бейнероликтер, әлеуметтік эксперименттер түсіріп, монтаж жасауды үйренеді. Тіпті кейде кино да түсіріп жатады. Болашақ журналистерді дайындап, медиа саласындағы техниканың құлағында ойнауға үйрететін үйірменің жұмысы мен кино түсіру тәжірибесі туралы бүгін бүгін бізге  9-сынып оқушысы Рамазан Берлібек айтып бермек.

Мен Ақтаудағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 9-«Е» сыныбында оқимын. Сабақтан бос уақытымда мектеп телестудиясына барғанды ұнатамын. Өйткені, кәсіби фотоаппаратпен фото немесе видео түсірген ерекше ұнайды. Біздің мектебімізде мен сияқты қызығушылар қатары өте көп. Бірақ телестудия жалғыз болғандықтан келушілер санына шектеу қойылған. Жыл сайын үйірмеге 10-15 қатысушы келіп, түсірілім техникаларымен жұмыс жасап, жалпы медиа саласымен жақын таныса алады. Үйірме кезінде әр түрлі тақырыпқа бейнероликтер түсіреміз және мектеп шараларын фото-видеоға түсіріп, архив қалыптастыруға көп жұмыстанамыз. Зияткерлік мектептерде күніне бірнеше шара қатарынан жүруі мүмкін. Осындай уақытта жетекшіміз Рысгүл Рамазановаға көмегіміз ауадай қажет. Сабақтан бос болсақ, іс-шараны түсіріп береміз. Өз кезегінде басқа оқушылар өңдеп мектеп сайтына, әлеуметтік желілердегі парақшамызға бөлісуге жұмыстанады. Көбі студия болғаннан кейін жаңалықтар түсіреді деген ойда болады. Бірақ, әлеуметтік желілер дамыған заманда, апталық жаңалық дайындап отыру ешкімге тиімсіз болғандықтан, біз шаралардан арнайы репортаж жүргіземіз. Сонымен қатар, ұзақ уақытқа есептелген, үнемі жаңа ізденісті талап ететін, деректі фильм, көркем фильм, анимациялық бейнероликтер түсіргенді жақсы көреміз. Үйірмедегі түсірілім, монтаж жұмыстары өте қызық.

Жақында біз Ақтау қаласында өткен «Қазақстан балалары шексіз әлемде» облыстық кинофестиваліне қатыстық. Бұл байқау біздің барлық мүмкіндігімізді сынаған сынақ болды. «Тойдың болғанынан боладысы қызық» демекші, көптеген қызықты оқиғалардың куәсі болдық. Жарыс «Stop-motion», «Деректі кино», «Ойынды кино», «Анимация», «Әлеуметітк ролик», «Видео-арт», «Муызкалық фильм» деген номинациялардан тұрды. Осы облыстық байқауға 55 оқушы қатысты. Оның ішінде біздің үйірменің оқушылары алты номинация бойынша бағын сынады.

Осы жарыста «ойынды кино» номинациясына арнап үш минуттық кино түсіргеніміз барлығымыздың есімізде сақталары сөзсіз. Өйткені біз мұндай көлемді әі қызықты жұмысты бірінші рет жасадық. Үйірме жетекшісі бір күні бізді жинап алып: «Біз номинацияға арнап кино түсіреміз. Қандай кино түсірген дұрыс?» деп сұрады. Зияткерлік мектептердегі «100 кітап» жобасы аясында Сайын Мұратбековтың «Жусан иісі» повесін оқып жүрген болатынбыз. Күтпеген жерден сұрағаннан кейін осы кітап желісі бойынша кино түсіруді ұсындық. Оған біздің ұсынысымыз ұнады. Өйткені бұл шығарма апайымызға ұнайды екен. Ақылдаса отырып, ең маңызды жерлерін алып, үш минутқа шақтайтын болдық. Фильмнің режиссері болып Айман Ахмеджанова есімді сыныптасымыз тағайындалды. Ол:

«Жусан иісі» бізді ерекше қызықтырды. Біздің сценарийіміз бойынша Аян есімді бала көрші ауылға әжесімен көшіп келеді. Ол балалармен ойнап жүріп, Есікбай есімді ауыл баласымен төбелесіп қалады. Кейін екеуі төбелесіп, одан жеңіп шығып ауыл балаларын ертегі айтады. Ертегі айтып отырған бір күні ол соғыстағы ағасын түсінде көргенін айтады. Кейін балалар отырған қораға жинаған шөп өртеніп кетеді. Аян қашып бара жатанда тобығы тайып, құлайды. Ауыл бригадирі Тұржан өртті Аяннан көріп, көгала қойдай етіп сабап тастайды. Қатты налыған Аян досы Садыққа ағасы соғыстан келген соң “ағасы бар” деп ешкім тиіспейтінін айтып, үміттененді. Дәл сол күні соғыстан ағасының қайтыс болғандығы туралы қара қағаз келеді. Бұл оқиғадағы Аянның тағдырына күрсінбеске болмайды. Біз осы қысқа метражды фильм арқылы соғыс жылдарындағы балалар өмірін көрсеткіміз келді»,- деп күрсінді.

 

Құрметті оқырман! Егер сіздер «Жусан иісін» оқымасаңыздар, сіздерге оқуға кеңес береміз.

Айман режиссердің жұмысы өте қиын екенін де айтып өтті. Оның шет-жағасын оған көмектесіп жүргенде байқаған едім.

Жалпы режиссердің жұмысы оңай емес екендігін білгендігімізбен, сонша қиын болады деп ойламаппыз. Фильмнің сценарийін жазу, мақсаттарын анықтау, кейіпкерлердің образын бейнелеу, актерлерді бекіту, олардың ролдерін түсіндіріп, образға кіргізу, түсірілім орындарын анықтау, камераларды бекіту, техниканың мүмкіндіктерін анықтау, түсірілім тобын бекіту, актерлардың костюмдерін табу, түсірілім орнындағы декорацияларды дайындау, фильмнің монтажы деген жұмыстардың барлығына режиссер араласады. Мұның барлығын атқару оңай болмады. Бізге мектеп оқушылары, кураторларымыз, ата-аналарымыз көп көмектесті, – дейді режиссер.

Фильмнің түсірілімі өте қызықты өтті. Барлығымыз жабылып жүріп актер іздеп, соғыс кезіндегі балалар образы үшін үйімізден, туыстарымыздан киім тасығанымыз есімнен кетпейді. Фильмді түсіру барысында көптеген оқушылардың беймәлім дарындары да ашылып жатты. Мысалы, үйірмедегі Хамза Сугуров есімді досым, кино операторлығын ерекше түсінетіндігін байқадық. Ол бірден фильмнің бас операторы атанып кетті. Тіпті, кинофестивальде «деректі кино» номинациясында үшінші орын алды. Ал Родион Игнатов есімді досымыз түсірілім алаңына жарық қоюдан шебер болып шықты. Ол Аянның сабалып, ауырып жатқан сәтін студияда түсіргенімізде сарайдың ішінің жарығын біз ойлағандай қып қойып берді. Мен актерларға грим жасауға қабілетім бар екенін байқадым. Мәселен, Аянның әжесі менің кураторым Ақмарал Алмабекова болды. Ол кісі жас болса да, оған гримм жасап, шашын аппақ қудай қылу керек болды. Мен оны шашына көз бояйтын сүрмені (тень) жағып ағарттым. Содан кейін мен, костюмер-гример атандым. Менің досым Аймұрат Жеткізгенов, фильмнің кадрларына түс беруде (цветокоррекция) шеберлігін көрсетті.

«Жусан иісі» жарыста екінші орын алды. Қазылар алқасы зияткерлік мектеп оқушыларының ерекше дайындықпен келгендігін атап өтті. Фильм бірінші орынға таласқанымен, үш жарым имнутқа созылып кетті. Сол үшін де екінші орынға лайық деп тапты.

Мен досым Аймұрат Жеткізгеновпен бірге «Stop-motion» номинациясына «Өзің сүйген іспен айналысу ғана етістікке жеткізбек» деген тақырыппен қатыстым. Stop-motion – анимацияға ұқсас, бірақ бұл тек фотоаппаратқа фото түсіріп, кейін оны видеоға құрастыру арқылы жасалатын түсірілім жанры. Осы номинацияда біз зияткерлік мектеп оқушыларының тығыз сабақ кестесімен қоса, өзінің сүйікті ісімен айналысуға болатынын көрсетуді мақсат тұттық. Аймұрат маған қарағанда бұл жанрға қызығушылығы басымдау болды. Сол себепті мен оған актер болуға келістім. Оқиға сюжеті бойынша, мен сабақтардан шаршап, көңіл-күйім жоқ, достарымның барлығы мазақтай беретін, жолы болмай жүрген оқушымын. Сөйтіп жүрген күні «Телестудия үйірмесіне оқушылар керек» деген хабарландыруды көріп қаламын. Үйірмеге жазылғаннан кейін менің көңіл-күйім көтеріліп, мұндағы жұмыстың көңілімнен шыққанына көзімді жеткізіп, бақытты болып жүргеніммен аяқталады. Бұл жобаға қатысу арқылы актердің жұмысы өте қиын екенін түсіндім. Әр қимылды бес-алты рет қайталап, одан қалды күтіп жалығады екенсің. Облыстық байқауда қазылар алқасының шешімімен бізге үшінші орын бұйырды. Қазылар алқасымен келіспесек те, шешімді солар қабылдайды.

Облыстық кинофестивальде «видеоарт» номинациясы бойынша «Ғылым» тақырыбымен Джанибек Джурабеков есімді досымыз бас жүлдеге ие болды. Бұл жанрда қазылар алқасында су бетіне ғылым тақырыбына салынған суретті көрсетіп таңқалдырдық. Эбру техникасы бойынша ерекше сурет салып берген өнер пәні мұғалімі Жұлдызай Ұзақбаеваға алғыс айтамыз.

Байқаудың қазылар алқасын ерекше таңқалдырған тағы бір жоба «әлеуметтік ролик» номинациясына қатысқан «Ана мен сені жақсы көремін» эксперименті болды. Бұл жобаның режиссері Мадияр Абдижамал Маңғыстау тұрғындарының анасын қаншалықты жақсы көретіндігін анықтау мақсатында эксперимент түсірді.

Топпен жұмыс жасаған тиімді болған соң күннің салқындығына қарамастан қала тұрғындарынан аналарына «Мама, мен сені жақсы көремін!» деп айтуларын өтіндік. Олардың сезімін көпшілікке көрсеткенімізде байқау қатысушыларының барлығы толқыды. Жүрекке жылу сыйлайтын әлеуметтік ролигіміз бас жүлде алғанда шексіз қуандық!

Рамазан Берлібек,

Ақтау қаласындағы химия-биология бағытындағы

Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушысы.