БЕЙНЕУДЕГІ ПРАКТИКАЛЫҚ СЕМИНАР

Жаңартылған білім беру бағдарламасындағы ерекшеліктердің жалпы білім беру мектептерінің ұстаздарына түсіндіру жалғасып жатыр. Қазіргі атңжа бағдарламаларды түсініп, меңгеруге қатысты сауалдар көптеп туындауына байланысты Ақтаудағы Назарбаев Зияткерлік мектептері тәжірибі тарату жұмыстарын жиі өткізуде. Сондай апталықтың бірі қазанның 23-і мен 28-і аралығында өтті. Білім беру ұйымының ұстаздары Маңғыстаудың алыс-шалғайда орналасқан мектептеріне барып, жаңартылған білім беру бағдарламасының ерекшеліктерін, зияткерлік мектептегі бағалау жүйесі, артықшылығы мен кемшілігін айтып берді. Тәжірибе тарату жоспарына сәйкес, қазанның 23-і күні математика пәні мұғалімі Махсет Ауданов Бейнеу ауданындағы Бейнеу гимназиясының мұғалімдеріне практикалық семинар өткізді. Басты мақсат – кіріктірілген бағдарламасын түсіндіріп, қалыптастырушы бағалау, бөлім бойынша жиынтық бағалау және өткізу туралы ақпарат беріп, Тоқсандық жиынтық бағалаудың спецификациясы және тапсырмаларын, дескрипторларын дайындауға көмек көрсету. Сондай-ақ, педагогтардың сауалына жауап беру.

Семинарға мектеп директорының оқу істері жөніндегі орынбасары К.Бағытова және жаратылыстану-математика бағытындағы пәндерден сабақ беретін 12 мұғалім  қатысты.

  • Ең алдымен, кіріктірілген білім беру бағдарламасы туралы ақпарат беруден бастадым. Ғылымның дамуымен бірге техника және технологияның да жедел түрде дамып жатқандығы, бүгінгі күнде тұрмыстың барлық тарауларында технологиялардың және робототехниканың кеңінен еніп көптеген жұмыс орындарында жұмысшы күшінің орнына технология және робототехниканың келуі себепті жұмыс орындарының қысқарып жатқандығы, болашақта көптеген мамандықтардың жойылып, оның орнына мүлдем жаңа мамандықтар пайда болады деп болжам жасалып жатқандығы туралы айтып өттім. Осыларды айта келе бүгінгі күнде мектеп қабырғасында білім алып жатқан оқушылардың алған білімін тұрмысымыздың басқа тарауларында да қолдана алуға дайындау және қажет болған жағдайда басқа мамандықтарға беймделе алатындай жан-жақты білімге ие етіп тәрбиелеуіміз үшін кіріктірілген білім беру бағдарламасының қабылданғандығы туралы баяндадым, – дейді тренер сапар жайлы.

Сөзіне дәлел ретінде бірнеше шынайы мысалдарды келтірген ол, кіріктірілген білім беру бағдарламасының негізгі мазмұнын ашып берді. Бұл бағдарламаны жүзеге асыру үшін бірінші кезекте мұғалімдердің өзгеруі керектігі, әрбір сабақты тұрмыспен байланыстырып, оқушыларға дәстүри тапсырмалардың орнына қолданбалы тапсырмалар берілуі, кіріктірілген сабақтардың ұйымдастырылуы керектігін атап өтілді және мектебімізде осы бағытта жүргізіліп жатқан жұмыстарды мысалға келтірді.
Семинар барысында мектеп мұғалімдерінің критериалды бағалаудың теориялық негіздерін білгенімен, оларды ұйымдастыру, өткізу және бағалау бойынша қиындықтар туындап жатқандығы байқалды. Сол себепті де әр сауалға зияткерлік мектеп ұстазы тарапынан толық жауап берілді.

  • Семинар соңында мектеп мұғалімдері сұрақтарының барлығына жауап алғандығы туралы, семинар өз мақсатына жеткендігі туралы олардың берген кері байланыстары арқылы байқадым, – дейді Махсет Ауданов.

Мектеп әкімшілігі өз кезегінде осы семинарды ұйымдастырушы Назарбаев зияткерлік мектебінің басшыларына өз рахметін айтып, болашақта тілдік пәндер мен гуманитарлық пәндерден де осындай семинар ұйымдастырылса деген ұсыныстарын білдірді.

Зияткерілк мектептің баспасөз қызметі