Бейнеу ауданындағы Күйкен мектебнің 60 мұғалімі тағылымдамадан өтті

Ақтау қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқытушылары «Ауылдық жердегі тірек мектептердің әлеуетін дамыту» жобасы аясында облыстың Бейнеу ауданындағы Күйкен жалпы білім беретін мектеп мұғалімдерімен тәжірибе алмасты.
«Назарбаев Зияткерлік мектептері» Дербес Білім Беру Ұйымы (ДББҰ) мен «Білімнің тұрақты даму қоры» Қоғамдық қорының «Ауылдық жерлердегі тірек мектептердің әлеуетін дамыту» жобасын жүзеге асыру мақсатында жасаған бірлескен жоспарының негізінде 2022 жылдың 28 қазан күні Ақтау қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде Маңғыстау облысының Бейнеу ауданындағы Күйкен жалпы білім беретін мектеп мұғалімдеріне арналған тағылымдама өтті.
Тағылымдама мақсаты жалпы білім беретін мектеп мұғалімдерімен озық тәжірибемен бөлісу, олардың әдістемелік қорын инновациялық әдіс-тәсілдермен байыту болды. Қала мен ауылдық жердегі білім беру арасындағы алшақтықты жою, оқушылардың оқу жетістіктерін арттыру, тірек мектептердің білім сапасын арттыру.
Ізбасар Ізімов тарих пәні мұғалімі
– Ел болашағы мектеппен тығыз байланысты. Ал оқушының мектептен алған білімінің сапасы ұстаздардың біліктілігінің көрінісі. Бүгінде біліктілігімізді арттыру мақсатында «Ауылдық жерлердегі тірек мектептердің әлеуетін дамыту» жобасына қатыстық. Семинарға қатысу арқылы оқушыны оқыту бағдарламасына қатысты жаңа әдіс-тәсілдерді меңгеріп, заманауи ұстаз болудың ерекшеліктерімен таныстық. Зияткерлік мектеп оқытушылары өз тәжірибелерімен бөлісіп, алда бірлесіп жаңа жобалар дайындауға уағдаластық.
Жоба барысында Күйкен мектебінің мұғалімдері үшін 35 ашық сабақ және 17 семинар, тренинг ұйымдастырылды.
Ашық сабақтар барысында мұғалімдер оқыту үдерісінде белсенді әдістерін, саралап оқыту мен критериалды бағалаудың қолданылуын бақыласа, семинар мен тренингтерге қатысу кезінде өзара пікір алмасып, әртүрлі қызықты тапсырмаларды орындап көрді.

– Тәжірибе алмасу мақсатында өткізілген семинар өте жақсы ұйымдастырылған. Сабактар әртүрлі әдіс тәсілдермен, семинарлар тренингтермен жақсы өтті. Өзім сынып жетекші ретінде «Құндылыктар кітабы» тренингін оқушыларыма өткізуді жоспарлап отырмын,– дейді Күйкен мектебінің ұстазы Жанархан Бөкенбаева

«Ауылдық жерлердегі тірек мектептердің әлеуетін дамыту» жобасын жүзеге асыру мақсатында алда осындай 4 мектепке тағылымдама өткізу жоспарлануда,– деді Ақтаудағы Назарбаев Зияткерлік мектеп директорының ғылыми-әдістемелік жұмыс бойынша орынбасары Лаура Байтоқаева

Тағылымдамаға Күйкен жалпы білім беретін мектебінің 60 мұғалімі қатысты.