Ауылдық жерлердегі тірек мектептердің әлеуетін дамыту қайырымдылық жобасы

Ақтау қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде Бейнеу ауданындағы Күйкен жалпы білім беретін мектебінің мұғалімдері, кітапханашылары мен психологтарына арналған педагогикалық іс-тәжірибе өткізілді.

Іс-тәжірибенің алғашқы жартысында жатақхана тәрбиешілері әр-түрлі бағыт бойынша ашық сабақтар өткізді. Гүлнар Сәрсенғалиева «Оқыту мен оқу үдерісіндегі тиімді кері байланыстың ықпалы» тақырыбында семинар жүргізсе, «Домбыра үйренудегі тәсілдер» тақырыбындағы ашық сабақты домбыра үйірмесінің жетекшісі Гүлсім Тажмағамбетова өткізді.

Сондай ақ «Сабақта қолданылатын әртүрлі әдіс-тәсілдер мен ойындар», «Гобилен» тоқудан шеберлік сағаты, «Мейірімділік жүректен» тақырыбындағы психологиялық тренинг жүргізілді.

Кейін Зияткерлік мектептің педагог-кітапханашылары «Ата-аналармен жүргізілетін жұмыс формалары», «Кітапхана жұмысындағы заманауи әдіс-тәсілдер» сынды тақырыбында семинарлар жүргізді.

Сонымен қатар Күйкен мектебінен келген ұжым мектептің психологиялық қызмет жұмысымен танысты. Ұстаздар мектептің педагог-ұйымдастырушы-кураторларының өткізген «Білімді ұрпақ – ел болашағы» ашық сабағын сырттай бақылап, «Педагог-ұйымдастырушы-кураторлардың жұмысын ұйымдастыру» тақырыбында дөңгелек үстелге қатысты.