Ата-аналар университеті

«Ата-аналар университеті» жұмысын бастады

«Ата-аналар университеті» – НЗМ оқушыларының білімі мен тәрбиесінің дамуына, отбасылық қарым-қатынастың нығаюына әсер етіп, қоғамдық және жанұя тәрбиесіне қатысты бірқатар мәселелердің шешімін табуға бағытталған жоба.

12 қазанда осы жоба аясында ата-аналар комитеті мүшелері мен мектеп әкімшілігі, педагогтар құрамы алғаш отырысын онлайн түрде өткізді.

Директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Алтынзер Амировна қатысушыларды «Ата-аналар университеті»-нің ережесімен, мақсатымен, бағдарламасымен және жұмыс түрлерімен таныстырды.

«Ата-аналар университеті» бағдарламасы 2020 жылдың 11 маусымында №23 хаттамамен бекітілген «Ата-аналар Университеті туралы Ережелеріне», БҰҰ-ның «Балалар құқығы туралы конвенциясы» нормативтік құжатына сәйкес дайындалды.

Бұл жобаның басты мақсаты – мектеп пен отбасында бала тәрбиесін бір бағыт, бір мазмұнда жүргізе отырып, нәтиже көру.

Ата-аналардың жауапкершілігімен қатар, бала тәрбиелеуге қатысты педагогикалық әдіс-тәсілдерді меңгеруін қамтамасыз ету қажеттілігі бар. Бағдарламаға заман талаптарын, ата-ана сұраныстарын, мектеп мақсаттарын жүзеге асыруға көмектесетін тақырыптар енгізілді.

Оқушылардың жас ерекшеліктеріне сәйкес ұсынылған модульдер нақты тақырыптар негізінде дәріс, тренинг, коучинг, жиналыс, семинар, шеберлік сыныбы, дөңгелек үстел әдістері арқылы өткізілетін болады. НЗМ-нің веб сайтында «Ата-ана Университеті» деген бөлім құрылып, ата-аналарға арналған модульдердің (курстардың) мазмұны, бағдарламалық-әдістемелік ақпарат, кері байланыспен алынған білімді бағалауға анкета, тест және тағы басқа материалдар салынып отырады.