Ақтаудағы NIS ұстаздары UNESCO ұйымдастырған байқауда үздік атанды

 

Қазақстан, Қырғыстан, Өзбекстан Республикаларының ұстаздары арасында өткен байқауда Ақтаудағы NIS ұстаздары үздік деп танылды.

Байқау Қырғыз Республикасы, Қазақстан Республикасы және Өзбекстан Республикасының мектеп мұғалімдері арасында «Орталық Азиядағы ақпараттық-коммуникациялық технологиялар тәсілдері арқылы тұрақты даму үшін сапалы білім беру» жобасы аясында өтті.

Байқау «EdNet» білім сапасын қамтамасыз ету агенттігі, ЮНЕСКО-ның Алматы кластерлік бюросының және Эстония Үкіметінің қолдауымен өтті.

Байқаудың мақсаты – мектептерде тұрақты даму үшін табысты оқу тәжірибесін насихаттау.

«Тұрақты даму үшін білім берудегі озық тәжірибелер» тақырыбында Орталық Азия елдері ұстаздары арасындағы байқауда 139 мұғалімнің жұмысы қаралды. Байқау қорытындысы бойынша әр қатысушы елден 5 жеңімпаз анықталды. Қазақстан атынан қатысқан Ақтау қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің орыс тілі пәні мұғалімі Анар Исмағанбетова жеңімпаздар қатарынан көрінді. Ал, «Тақырыптың өзектілігі мен әлеуметтік маңызы» тақырыбындағы арнайы номинациясы Ақтаудағы Зияткерлік мектептің тарих пәні мұғалімі Гүлжанат Құрмановаға бұйырды.

– Осы байқауға қатысқаныма өте қуаныштымын. Конференция  аясында педагогтар тұрақты даму үшін білім беруді жүзеге асыру бойынша өз тәжірибелерімен және идеяларымен белсенді түрде бөлісті. Мен бұд байқаудан өзімнің кәсіби дағдыларымды дамыту арқылы үлкен күшпен мотивация алдым. Сондай-ақ, ЮНЕСКО және EdNet Білім беру сапасын қамтамасыз ету агенттігінің өкілдері NIS Programme мазмұны мен креативтілігін, өзектілігі мен тұрақты даму мақсатына сәйкестігін жоғары бағалағанын атап өткім келеді, – деді орыс тілі пәні мұғалімі Анара Исмағанбетова.

Жеңімпаздар Қырғызстанның Бішкек қаласында өткен «Тұрақты даму үшін білім беруді ілгерілету: аймақтық перспективалар мен тәжірибелер» субөңірлік конференциясында салтанатты түрде марапатталды.