Мына суреттегі екі баласымен түскен келіншектің аты – Айжан. Мұнайлы ауданындағы Атамекен селосында қуықтай бөлмеде тұрады. Отағасы өмірден өтіпті. Үлкен қызы алқым ісуі (зоб) дертіне шалдыққан. Екі баласы ауыра берген соң, одан қалды оларға қарайтын ешкім жоқ болғандықтан Айжан жұмыста жоқ. Яғни, оларды асырайтын ешкім жоқ.
Олар бұйырса, Астана қаласына мемлекеттік квотамен емделуге бара жатыр. Бұл сапардан Айжанның күтетіні зор. Балалары дертінен айықса, тіршілік қамын жасау жоспарлары бар…
Өткен сенбіде “Әбіш ата” шаңырағының бір топ оқушылары “Қоғамдық қызмет” жобасының аясында осы отбасыға барып қайтты. Ата-аналардың бастамасымен ұйымдаса отырып, оларға қажетті азық-түлік, аз-маз киім, қуыршақтар ала барды. Көңілін сұрай барып, бөбектерінің жазылып кетуіне тілеулес екендігін білдірген бейтаныс жандарды көргенде Айжан апай жылап жіберді. Оның айтқан сөздерін естігенде біз де толқыдық.
– Өмірде әр түрлі жағдайлар болады ғой. Сіздерге көп рахмет. Мен мына өмірдегі ең бай адаммын деп есептеймін. Өйткені менің балаларым бар. Балаларым барда мен бақыттымын. Бұлар менің өмірім, – дейді ол.
Шаңырақ атынан барған оқушылар Айжан апайдың балаларының сауығып кетуін тіледі.
– Бұл кісіні тапқан Ақмейір Мырзағалина дейген ата-ана. Ал біз Мақпал Серікбаева атты ата-анамызбен бардық. Оқушылардың осындай жағдайда өмір сүріп жатса да, шүкірлік айтуды ұмытпай, тек жақсылыққа, қуанышқа үміттенетін жандарды көргені дұрыс болды деп ойлаймын. Бұл тұрғыдан “Қоғамдық қызмет” жобасының бала тәрбиесіне қосып отырған үлесі зор. Осындай шараларды ұйымдастыруда белсенділік танытқан ата-аналарымызға алғысымыз шексіз, – дейді шаңырақ кураторы Айгерім Қуанханқызы.
Ескертпе: Фотолар мен айтылған әңгіме кейіпкердің рұқсатымен жарияланып отыр.