Зияткерлік мектебі Наурыз мейрамын тойлады

Жыл сайын қазақ халқының салт-дәстүрін ұлықтап, жаңа жылды қарсы алатын мейрамға биыл 1500-ге жуық адам қатысты.
Әрбір қазақстандықтың жыл сайын асыға күтетін мейрамдарының бірі – әз-Наурыз мерекесі. Қыраулы қыс кетіп, ағаштар жасыл жапыраққа оранып, жер көктейтін кезеңдегі жақсылықтың, жылулықтың символы болған Наурыз мейрамы зияткерлік мектепте биыл да жоғары деңгейде өтті.

2016-2017 оқу жылындағы Наурыз мерекесі «Наурыздың шуағымен шашу шашып, Құлпырып көктем келді даламызға» деп аталды. Бұл мейрам Қазақстанның батыс аймақтарында наурыздың 14-інен басталады. 14-наурыз – Амал күнінде бүкіл мектеп ұжымы бір-бірімен көрісіп, «Жыл құтты болсын!» – деген тілектерін арнады. Ата-аналар комитеті мерекенің мазмұнын арттыру мақсатында ұлттық тағамдар көрмесі – дастархан жайды. Мектебімізде алғашқы жыл қызмет етіп жатқан шет елдік ұстаздарымыз ұлттық тағамдарымыз ірімшік, құрт, қазы-қарта, жал-жаядан, шұбат пен қымыздан дәм татты. Оларға салт-дәстүріміздің мән-мағынасы да түсіндірілді.

Наурыз мерекесін алғаш рет тойлап жатырмын. Қазақ халқының салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын осы мейрамнан көруге болады. Барша қазақстандықтарға Наурыз құтты болсын деймін, – дейді Ұлыбританиядан келген физика пәнінің мұғалімі Гарет Джонс Пол.

Ұлыстың ұлы күнін тойлау наурыздың 18-і күні жалғасты. Мектеп алдына екі киіз үй орнатылып, қос алтыбақан құрылды. Таңғы 8-ден бес ошаққа орнатылған қазандарда бауырсақ қыз-қыз қуырылып, Наурыз көже қайнап жатты. Ұлыс күнін атап өтуге биыл да ата-аналар да белсенді үлес қосты. Олар дастархан жайып, палау басып, 615 оқушыға мерекелік көңіл күй сыйлады. Зияткерлер, қонақтарға арнап түрлі сахналық қойылымдар қойып, ән салып, би биледі. Оқушылар білім ордасында өтетін әлеуметтік жобаларды сахналауға баса назар аударды. Олар «100 кітап» «100 кітап», «100 күйдің тарихы», «Қазақтың 100 әні», «Қоғамға қызмет ету», «Ауылдағы 2 апта» жобаларын сахналық көрініс ретінде көрсетті. Мереке қойылымдар арасында ойналған арқан тартыс, аударыспақ, қазақша күрес сынды ұлттық ойындармен ерекшеленді. Сондай-ақ, Наурыз шашуы шашылды. Наурыз шашуын шашу құрметіне Гонконг Университетінің гранттарын жеңіп алған 12-сынып оқушылары Жолдасбай Сәттіғали мен Альбетова Азизаның әжелері ие болды.

Ал кейін, мектеп директоры Ермек Серікұлы жиналғандарды Ұлыс күнімен құттықтап, наурыз айының мектеп үшін берекелі болғанын ерекше атап өтті. Ол дәл сол күні Алматы қаласында жалпы пәндер бойынша өткен републикалық олимпиадада физика пәні бойынша мектебіміздің 10-сынып оқушысы Арман Жұмаханның күміс жүлдегер атанғандығын айтып жиналғандарды бір қуантты. Алдағы уақытта Арман ұлттық құрамада бақ сынайтын болады. Сонымен қатар, «Зерде» дарынды балалар байқауына аттанған 7-сынып оқушыларының да олжалы оралғандарын айтып екінші рет қуантты.

Думанды мерекенің батасын беру құрметіне мектеп мақтаныштары Жұмахан Арман мен Гүлназдың атасы Елешов Жұмахан ата ие болды.

Рысгүл Рамазанова,
Ақтау қаласындағы
Назарбаев Зияткерлік мектебінің
баспасөз хатшысы