Зияткерлер Каспий итбалықтарын қорғау акциясына қатысты

Қыркүйектің 20-сы күні Ақтау қаласындағы Назарбаев Зияткерілк мектебінің бір топ оқушылары «EXPO&WOMEN» және «Қазақстанның экологиялық ұйымдарының Ассосоциасының» бастамасымен Ақтау қаласының 55-жылдығына орай ұйымдастырылған Каспий итбалықтарын қорғау және сақтауға арналған экологиялық қайырымдылық қолдау акциясына қатысып, теңіз жағалауындағы амфитеатрда концерт қойды.

ҚР Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев ашқан теңіз жаңалауындағы амфитеатрда өткен концерт кешкі уақытта басталып, облыс тұрғындарын Каспий итбалықтарын қорғау акциясының мақсаты таныстырылды.

Ұйымдастырушылардың сөзінше, акцияның басты мақсаты – тұрғындарға Қазақстан бойынша тек Каспий теңізін ғана мекендейтін итбалықтардың өмірін сақтап, қорғауға шақыру, осыған дейінгі атқарылған жұмыстармен таныстыру арқылы хабардар ету және 30 Каспий итбалығының қоныс аударуын зерттеу мақсатында спутниктік белгілерді сатып алу үшін қайырымдылық қаржысын жинау.

* Каспий теңізінің итбалықтарын зерттеумен бес жылдан бері айналысып келемін. Каспий итбалығы Қазақстанда теңізде өмір сүретін жалғыз сүтқоректі. Өзіңіз ойлаңызшы, жалғыз! Қазақстанда одан басқа сүтқоректі жоқ және ол жойылып кетудің алдында тұр… Жойылу қаупінің негізгі факторлары: кеме қатынасы, балықшылардың ауларына оралып қалуы, туылған кезде немесе басқа да аурулар, қоршаған ортаның ластануы, – деді Гидробиология және экология институтының экологиялық ағарту жұмыстарының маманы Асель Баймуханова.

Мерекелік кеште зияткерлік мектептегі Би үйірмесінің «Шұғыла» би ансамблі мың бұрала би билесе, «Шерқала» шаңырағының оқушылары Асланбек Жарылғапов пен Бағдат Сейілхан және Фариза Амангелдіқызы, Дана Заркум, Салтанат Қабылбаевадан құралған трио құйқылжыта бірнеше тілдерде ән салып келушілердің көңілін көтерді. Теңіз жағалауына жиналған жұртшылық ду қол шапалақ ұрып, бөбектер би биледі.

* Зияткерлік мектеп оқушылары өлкеміздің экологиялық акцияларына белсенді қатысып келеді. Бұл біздің өз өлкеңді сүйіп қана қоймай, оның биоәлемін сақтауға атсалысуға дайын екендігіміздің және жаһандық азаматтыққа қосқан үлесіміз, – дейді Ақтау қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Алтынзер Ихсанова.

Кеш соңы қаладағы сауда орталықтарының қолдауымен ұйымдастырылған сән көрсетілімі мен Yessenov University студенттері, би студияларының флешмобымен жалғасты.

Ақтау қаласындағы

химия-биология бағытындағы

Назарбаев Зияткерлік мектебінің

баспасөз қызметі