Ақтау қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебіне 2020-2021 оқу жылына 7-сыныпқа конкурстық іріктеуге қатысу үшін құжат қабылдауда өзгерістер бар. Бұл туралы «Өңірлік Коммуникациялар Қызметі» алаңында өткен брифинг барысында мектеп директоры Ермек Пайзов мәлім етті.
Енді үміткердің 3*4 көлемдегі фотосы қағаз түрінде емес электронды түрде қабылданады. Cонымен қатар, тұрғылықты мекен-жай туралы анықтама сұратылмайды.
– Қабылдау комиссиясының жұмысын барынша тиімді ұйымдастырып, үміткерлерге ыңғайлы жағдай жасау мақсатында үміткерлер құжат тапсырған жерінен тегін фотоға түсе алатындай ұйымдастырылды. Ол үшін үміткерлердің ата-анасы немесе заңды өкілі баланы өзімен алып келуі тиіс, – дейді мектеп басшысы Ермек Серікұлы.
Үміткер іріктеу конкурсына қатысу үшін қабылдау комиссиясына келесі құжаттарды тапсырады: конкурсқа қатысу үшін өтініш, сауалнама, үміткердің туу туралы куәлігінің көшірмесі, ЖСН-ы, заңды өкілінің ЖСН көрсетілген жеке куәлік көшірмесі, 086/у медициналық анықтама формасы, үміткердің соңғы оқу жылындағы үлгерімі мен тәртібі табелінің көшірмесі. Табель бала оқитын мектеп басшысының қолымен расталып, ұйымының мөрімен бекітілуі керек (ескерту: құжаттарды 6 сыныптың 1-ші жарты жылдығы аяқталғанға дейін тапсырсаңыз 5 сыныптың табелі қабылданады, 6 сыныптың 1-ші жарты жылдығы аяқталған соң тапсырсаңыз 6 сыныптың 1-ші жарты жылдық табелі қабылданады), үміткердің графикалық файл түріндегі 1 МБ (мегабайт) кем емес көлемі 3х4 см цифрлі фотосуреті немесе үміткердің фототүсірілімі құжат тапсыру кезінде қабылдау комиссиясында жасалынады. Көрсетілген барлық құжаттар пластикалық тезтікпеге салынады.
Зияткерлік мектепке конкурстық іріктеу үшін құжат қабылдау желтоқсанның 18-і күні басталған. Комиссия өкілдерінің сөзінше бүгінде білім ордасы 245 үміткердің өтінішін қабылдаған. Құжат қабылдау қаңтардың 31-іне дейін жалғасады.
Айта кетейік, өткен жылы Ақтаудағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде білім алуға 784 үміткерден өтініш түсті. Солардың 140-ы бүгінде көшбасшылар мектебінде білімін шыңдауда. Мектеп директорының сөзінше, 2020-2021 оқу жылына 7-сыныптар үшін 120 білім гранты бөлінген. Қабылдау комиссиясы құжаттарды қазірден тапсыруға кеңес береді. Өйткені, уақыт өте тапсырушылар қатарының көптігінен кезек күту көбеюі мүмкін.
Тестілеу 2020 жылғы 14-15 наурыз күндері қазақ, орыс, ағылшын тілі және математика мен сандық сипаттамадан өтеді. Барлық сауалдар бойынша + 7 778 156 80 36; + 7 778 156 80 46; 70 10 66 номерлеріне қоңырау шалуға болады. Аталған құжаттар Назарбаев Зияткерлік мектебінде қабылданады.
Ақтау қаласындағы
химия-биология бағытындағы
Назарбаев Зияткерлік мектебінің
баспасөз қызметі