«Ақтау – вело-қала» велофестивалі өтті

1 қазан күні Ақтау қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары, ұстаздары және ата-аналарының қатысуымен «Ақтау – вело-қала» атты велофестиваль өтті. Республика бойынша өткен велофестиваль барысында зияткерлік мектептің ата-аналары, оқушылар мен ұстаздар қауымының 4000-нан астам адам велосипедке отырды.

Облыс орталығында өткен «Ақтау – вело-қала» шарасының бастамашысы Ақтау қаласындағы зияткерілк мектеп болды. Ұстаздар күнінде ұйымдастырылған шараға жиналған қатысушылар ең алдымен тіркеуден өтіп, медициналық тексерілістен өтті. Содан соң, мектеп директоры Ермек Пайзов сөз алып, қатысушыларға қолдау білдіріп келгендері үшін алғыс білдірді. Сондай-ақ, салауатты өмір салтын ұстанудың маңыздылығын атап өтіп, маршрутпен таныстырды. Кейін 100-ге жуық қатысушы таңғы жаттығу жасады.

– Күннің бұлттылығына қарамастан отбасымызбен зияткерлік мектеп ұйымдастырып жатқан керемет шараға келдік. Біз әрқашан салауатты өмір салтын ұстануды қолдаймыз. Балалар мен ата-аналарды жақындастыру үшін осындай шараларды өткізіп жатқан мектеп әкімшілігіне алғыс білдіреміз, – дейді велофестиваль қатысушысы Ұзақбай Нығметоллаұлы.

Велофестиваль БҰҰ Даму бағдарламасының «Сенің қалаңның экологиясы мен денсаулығыңа арналған қауіпсіз велосипед!» грант жобасы мен Дүниежүзілік экономикалық қорының «Алматыдағы тұрақты транспорт» жобасының аясында және «Ақбота» қоғамдық қорының қолдауымен ұйымдастырылды.

Фествиальдің басты мақсаты – жастар мен қала тұрғындарының эко-транспортты жиірек пайдалануларына ықпал ету. Әлеуметтік акцияға ниеттенгендердің барлығы қатыса алды. Велофестиваль зияткерлік мектептен (33 ш.а) басталып, Маңғыстау облысы кәсіпкерлер палатасының ғимаратының (35 ш.а) алдына дейін барып, кері қайтудан аяқталды. Қатысушылар 5 шақырым жүріп өтті.

Ақтау қаласы

химия-биология бағытындағы

Назарбаев Зияткерлік мектебінің

баспасөз қызметі