Ақтаулық зияткерлкер Францияда су мәселесін көтерді

Ақтаудағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары Лионда өткен БҰҰ-ның Моделі халықаралық конференциясына қатысып келді. Олар «Су: өзгерістерге құлшыныс» тақырыбын талқылады.
Көшбасшылардың басын қосқан жиынға Ақтаудан Нұркамал Алихан, Құралай Санат, Айдана Бакитова, Кәмшат Ақмұратова, Мирланбек Шаншаров, Ақбота Алпамысова, Дана Есбергенова, Ақжібек Сағындыққызы, Томирис Хисами есімді оқушылар қатысып, су тақырыбындағы өзекті мәселелерді шешуге арналған резолюцияларды қабылдады.
«БҰҰ 2015 жылы 17 тұрақты даму мақсатын айқындады. ILYMUN конференциясы осы жолы 6 (су және санитария) және 14 (су өмірі) мақсаттарына тоқталды. Қазіргі таңда су мәселесі дүние жүзін алаңдатып отыр. Жер бетіндегі демографияның өсуі, жаһандық жылыну және су көздерінің құрғап қалуы тақырыптың өзектілігін арттырады. Соның нәтижесінде жаңа типтегі халықаралық конфликтілер туындауда. Конференция барысында делегаттар өз елінің қызығушылықтарын ескере отырып, мәселенің шешімін табуы тиіс» делінген конференцияның ресми мәлімдемесінде. Ал ақтаулық оқушылар аталған жиынға тұңғыш рет қатысты.
«Біз конференция барысында ғаламдық проблемаларды шешуге арналған резолюцияларды қабылдадық. Бұл менің тұлғалық дамуыма үлкен септігін тигізді деп ойлаймын. Себебі табиғат-анаға деген жауапкершілікті сезініп, командада жұмыс жасау қабілетімді арттырдым. Екіншіден, тұңғыш рет мультикультурализм түсінігімен бетпе-бет келдім. Жиында ағылшын тілінде сөйлегенімізбен, грек, француз, ирлан тілдерін де естідім, – деді тұщы су ресурстарын қолдану және сақтау туралы баяндама оқыған Томирис Хисами.
Жиынға Израиль, Ұлыбритания, Қазақстан және Франциядан келген 350 оқушы мен 50 студент қатысты. Сегізінші рет өткізілген шараны Лиондағы халықаралық мектеп пен Сколе халықаралық университетінің студенттері ұйымдастырған.
Білім ордасында БҰҰ Моделі клубы 2018 жылдан бері жұмыс істейді. Мұнда БҰҰ-ның симулияциясын жасап, ғаламдық проблемаларды дипломатиялық тұрғыда шешу жолдарын іздейді. Осылай білім ордасының ұжымы зияткерлік мектеп оқушыларына дипломатия, көшбасшылық, көпшілік алдында сөйлеу, сыни ойлау қабілеттерін дамытуға күш салып отыр. Айта кетейік, БҰҰ Моделі конференциясы енді 2020 жылдың 23-24 наурызында Ақтау қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде ұйымдастырылмақ.