🇫🇷🇫🇷🇫🇷ГҮЛДАНА «EDUCATOR EXCHANGE» ФОРУМЫНА ҚАТЫСТЫ

Біз үнемі зияткерлік мектеп оқушыларының жетістігін айтамыз. Ал мектептің өте еңбекқор ұстаздарының жетістігі көп жағдайда айтылмай қалатыны бар. Сол себепті біз, мұғалімдеріміздің бағындырған биіктерін хабарлап отыруды жөн көрдік. Үздік ұстаздарымыз жайлы білгіңіз келсе #зияткерлер_ұстазы хэштегін қарай жүріңіз.

Ақтау қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Гүлдана Иманкенова сәуірде Париж қаласында өткен «Educator Exchange» атты ғаламдық форумына қатысып қайтты.

«Educator Exchange» – бұл тәжірбе алмасуға, жоғары технологиялар мен педагогиканы ұштастыру туралы ойлармен бөлісуге, білім беруді түрлендіру сияқты өзекті мәселелерді талқылауға септігін тигізетін инновациялық ұстаздарға арналған форум. Жыл сайын өтетін аталмыш форумға биыл әлемнің түкпір түкпірінен 300-ден аса маман жиналды.

Гүлдана «Білім берудегі әріптестік» бағдарлама аясында өткен «Microsoft педагог-сарапшы» байқауының жеңімпазы ретінде қатысты.

– Бұл форумның басты мақсаты мұғалімдерді 21 ғасырдағы оқушыға білім беруде қолданылатын инновациялық технологиялармен таныстыру. Қарқынмен дамып отырған технология заманында бала бойына сандық азаматтық құндылықтарын дарыту, сыни ойлауды дамыту мен ақпараттық технологияларды дұрыс пайдалана білуді үйрету өте маңызды болып отыр, – дейді Гүлдана.

Үш күнге созылған форум аясында қатысушылар түрлі елдердің педагог- сарапшылармен танысып, кәсіптеріне байланысты тәжірибе алмасуға мүмкіндік алды. Жиынның алғашқы күні топ болып жұмыс жасаған ұстаздар ортақ мәселелерді анықтап, оны Microsoft Mix бағдарламасы арқылы шешуді қолға алған. Келесі күні түрлі сессияларға қатысқан оқытушылар күрделі оқыту туралы жаңа ақпарат алып, ойын түрлерін жасау және оларды кодтау жайында пайдалы тәжірибе жинақтады. Ал, форумың соңғы күні ұстаздар жасалған жұмыстарға баға беріп, маңыздылығын айқындады. Сонымен қатар, біздің ұстаздар әлемнің 75 қаласынан жиналған әріптестеріне Зияткерлік мектеп сабақтарын және ақпараттық технологиялар қолданылған жобалармен таныстырды.