ТҮПҚАРАҒАН ҰСТАЗДАРЫ ЗИЯТКЕРЛІК МЕКТЕПКЕ КЕЛДІ

Наурыздың 27-і күні Ақтау қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебіне Түпқараған ауданы мен облыстағы пилоттық мектептің 140 мұғалімі келіп, “Жаңа педагогикалық әдістер” атты семинар-практикумға қатысты.

Шара барысында мектеп директоры Ермек Пайзов сөз алып, Түпқараған ауданының мұғалімдерінің белсенділігіне ризашылығын білдірді.

– Ақтаудағы Назарбаев Зияткерлік мектебі жаңартылған білім беру бағдарламасы бойынша тәжірибе тарату жұмысын сәтті жалғастырып келеді. Осы күнге дейінгі ұйымдастырылған шаралардың барлығы Маңғыстау облыстық білім басқармасымен келісілген меморандум аясында жүзеге асып жатыр. Осыдан біраз уақыт бұрын зияткерлік мектепке Түпқараған ауданының білім бөлімі мұғалімдерге семинар ұйымдастыруды сұраған болатын. Бүгінгі кездесуге осыншама мұғалім жиналғаны қуантарлық жағдай, – деді Ермек Серікұлы.

Кейін Ақтаудағы педагогикалық шеберлік орталығының директоры Қатира Қарасайқызы сөз алып, аталған уақытқа дейінгі атқарылған шараларды айтып, зияткерлік мектеп ұжымына мұғалімдерге жаңа бағдарламаны үйренуге әдістемелік көмек көрсеткендері үшін алыс айтты.

Аз уақыттың кездесуден соң ұстаздар шеберлік сағаттарын көруге аттанды. Мәселен ауданнан келген 9 мектептің директорлары мен тәрбие жөніндегі орынбасарлары “Педагогикалық кеңесті өткізу түрлері” тренингіне қатысты. Тренингті жүргізген мектеп директорының ғылыми-әдістемелік жұмыстар жөніндегі орынбасары Бақытгүл Жақсылықова мен психолог Тілектес Маскарова педагогикалық кеңесті өткізу жолдарына жіті тоқталып, жаңа әдістемелер мен үлгілерді көрсетіп, таптық жұмыс орындатты. Ал өнер пәнінің мұғалімдері Жазира Ахымбекова мен Жұлдызай Ұзақбаева өнер пәнін өткізуден шеберлік сыныбын ұйымдастырды. Математика пәнінің мұғалімдері Нұрлан Тайбазаров пен Жанат Қоңырбаева көптеген ұстаздарды қызықтырған “Төңкерілген сабақ – видеосабақтарды оқу процесінде қолдану” тақырыбында практикалық үйрету сабағын өткізді. Мұғалімдерге компьютер таратып, сабаққа арналған видеоны түсіру жолдары мен ресурстарды көрсетті. Ал ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Яку Ламбушке (Jaco Labuschagne) ағылшын тілі пәні мұғалімдеріне тілдік курс өткізді. информатика пәнінің мұғалімдері Айзада Нұрланова мен Айжан Ержанова “CLIL технологиясын сабақта қолдануды” тағы бір рет көрсетті. Сондай-ақ, инофрматика пәнінің мұғалімі Алқуат Қарымсақұлы мен Бақытжан Мұхаммед робототехника бойынша әдістемелік көмек көрсетіп, робототехника саласындағы өзгерістерді баяндады. Бұл кездесудегі ең маңызды әрі көптеген мұғалімдерді толғандырған семинар-кездесудің бірі “Гуманитарлық пәндерде критериалды бағалау” болды. Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан пәнінің мұғалімі Салтанат Жалғасбаева мен география пәнінің мұғалімі Ерлан Сейтов бұл тақырыпта мұғалімдерге тапсырмалар беру арқылы бағалау әдісін көрсетті.

– Бұл семинар-практикум ауданымыздың мұғалімдерінің тәжірибе алмасып, байланыс орнату мақсаты аясында ұйымдастырылып отыр. Мұғалімдеріміз 7 секция бойынша қатысып, үлкен әсер алды. Мен де педагогикалық кеңесті өткізудің жаңа әдістері тақырыбындағы секцияға қатысып, көптеген пайдалы ақпараттармен таныстым. Қазіргі таңда Түпқараған ауданы бойынша педагогикалық шеберлік орталықтары мен оқу орталықтарында оқып келген 29 мұғалім бар. Олар бүгінде жаратылыстану бағытындағы пәндерден ағылшын тілінде сабақ бере бастады. Күні ертең ғана біздер білім деңгейін көтеріп келген мұғалімдердің басын қосып, өткен тақырыптарын меңгеруін бақылайтын боламыз, – дейді Түпқараған аудандық білім үйлестіру орталығының басшысы Жансая Молдажанова.

Кездесу соңында мұғалімдер сауалдар қойып, жауап алды. Сондай-ақ алдағы уақытта да өзге тақырыптардан шеберлік сағатын өткізуді сұрады.

Рысгүл Рамазанова,

Ақтау қаласындағы

Назарбаев Зияткерлік мектебінің

баспасөз хатшысы