Путевка учителям в санаторий

Маусымның 8-і күні Ақтау қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің мәжіліс залында ата-аналар комитеті, қамқоршылар кеңесі және педагогикалық қызметкерлердің қатысуымен 2017-2018 оқу жылын қорытындылау кездесуі өтті. Мектеп директоры Ермек Пайзов жиналған қауымға қол жеткен табыстар мен жетістіктер жайлы есеп берді.

Алдымен жиналғандар оқу жылының 10 жетістігі баяндалған бейнематериалды тамашалады. Содан соң оқу орнының басшысы сөз алып, жыл басында алға қойылған мақсаттар туралы айтып нәтижелерді көрсетті.

Мектеп басшысының сөзінше, оқу жылы өте табысты болды. Зияткерлік мектеп оқушылары мен ұстаздары түрлі халықаралық, республикалық, халықаралық және облыстық байқауларда жеңімпаз атанып, жақсы нәтиже көрсетсе, ата-аналар комитеті мектеп өміріне биыл да белсенді қатысты.

Директордың есебінен кейін, оқу жылының сәтті аяқталуының құрметіне оқушылар

Абайдың қара сөздерінен үзінді көрініс қойды. Содан соң көрермендер жас зияткерлер мен ұстаздардан құралған «Сағым» музыкалды-инструменталды тобының орындауындағы әндерді тыңдады.  Балалар жазушы Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» шығармасының желісі бойынша түсірілген фильмнің саундтрегі болған “Туған ел” әнін өз нақышында орындады. Көрермендер бір сергіген соң қазақ тілі пәні мұғалімі Мұстафа Шоқаев “Назарбаев Зияткерлік мектептерінің” 10 жылдық мрейтойына арнап шығарған әнін көпшілікке ұсынды. 

Жаңа әнді көрермен жылы қабылдады.

Кейін қамқоршылар кеңесінің мүшесі Бекмұрат Жүсіпов сөз алып, ұжымның атқарған жұмысына жоғары баға берді.

– Зияткерлік мектеп ұжымының нәтижелі жұмысы ұстаздарға тікелей байланысты. Себебі сіздер, өлкеміздің ең дарынды деген оқушыларын тәрбиелеп отырсыздар. Ермек Серікұлының есебінен соң мұғалімдердің ұшан-теңіз еңбегін көріп отырмыз. Бұл қуантарлық жағдай. Қамқоршылар кеңесінің мүшелерімен ақылдаса келе, екі ұстазға Сарыағаш қаласындағы “Қазақстан KZ” шипажайына жолдама беруді жөн көрдік, – деді Бекмұрат мырза.

Педагогиклық ұжымның ішінен тәжірибесін шыңдай түсіп, біліп қана қоймай, жанындағы жастарға білгенін үйретіп жүрген орыс тілі пәні мұғалімі, “Ментор және менти” жобасының жетекші Зоя Туляеваға бір жолдама берілді. Сондай-ақ, химия пәнінің мұғалімі Тойбибі Шадкам да маусымның 20-сы мен 30-ы аралығында “Қазақстан KZ” шипажайында ем алатын болады.

Зияткерлік мектеп ұстаздарының еңбегін елеп, жолдама және жол билетімен қамтамасыз еткен Қамқоршылар кеңесіне алғысымыз шексіз.

Ақтау қаласындағы

Назарбаев Зияткерлік мектебінің баспасөз қызметі