STANFORD UNIVERSITY-ГЕ БАРҒАН НҰРДАУЛЕТ НЕ ҮЙРЕНДІ?

Ақтаудағы дарындылар мектебінде еңбекқорлығымен, ізденімпаздығымен сүйсіндіретін оқушылар өте көп. Сондай ерекше зияткерлердің бірі, 12 сынып оқушысы – Нұрдаулет Төребай. Нұрдаулет өткен оқу жылында бірнеше айтулы жетістіктерге қол жеткізіп, «Жыл жетістігі» номинациясын жеңіп алған болатын. Сыныптасы Айдана Бисенмен бірге ғылыми жоба жүргізіп, республикалық стартаптар байқауының финалисті атанды. Мамыр айында Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов жас зияткерлердің жобасына ерекше көңілі толып, дарынды оқушылар кездесуіне шақырған еді. Мектеп әкімшілігі Нұрдаулеттің жетістіктерін, тыңғылықты еңбегін ескере отырып, тамыз айының 7-сі мен 19-ы аралығында оны АҚШ-тағы STANFORD UNIVERSITY ұйымдастырған «Stanford Pre-Collegiate International Institutes» жазғы мектебіне аттандырған болатын.
– Стенфорд университетінің жазғы мектебі керемет өтті десем артық айтпаймын. Себебі, мен бұл курстан өзіме болашақта қажетті пайдалы, қолдануға жарамды әрі өзекті мәліметтерді алдым. Университеттің профессорлары өз ісінің маманы және қажетті мәліметтерді берді. Мәселен, қазір сыни ойлау, проблеманы стандартты көзқараспен қарамай, оны дизайнға келтіру өте танымал тақырыптың бірі. Бұл тақырыпты зияткерлік мектеп оқушылары білгенімен, проблеманы визуализациялай білу қажет екендігі туралы айтылды жазғы мектепте. Бұл мен үшін жаңалық болды және алдағы уақытта қажет болады деп ойлаймын. Тағы бір қызықты курс профессор Geofrey Upton өкізген «Democracy: why or why not?» сабағы. Бұл курста билік жүргізудің түрлері мен демократияның артықшылығы мен кемшілігін талқыладық. Бұдан да басқа, маған ерекше әсер қалдырған курстар көп, – дейді Нұрдаулет курс жайында.
Нұрдаулеттің сөзінше, екі апталық курс оның ағылшын тілінде сөйлеуіне үлкен әсерін тигізіпті. Ағылшын тілінде сөйлеу, жазу деңгейінің жақсара түскенін аңғарған ол «Назарбаев Зияткерлік мектептері» білім беру жүйесіне шет елде білім арттыруға мүмкіндік жасағаны үшін шексіз алғысын жеткізді.