Абайдың әнін салған шет ел ұстазы жеңімпаз

Ақтау қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде физика пәнінен сабақ беретін Камс Камуабо Ақтау қаласында халықаралық Ана тілі күніне орай ұйымдастырылған «Тіл – тұғырымыз, соғып тұрған жүрегіміз» атты тілдер сайысында бас жүлдеге ие болды.

Байқау Қазақстан Халқы ассамблеясының Маңғыстау облыстық филиалының ұйымдастыруымен 15-25 және 25-40 шет тілді азаматтар арасында алғаш рет өтті. Сайыстың мақсаты – ұлттар достастығын арттырып, қазақ тілін үйренуге ынталандыру.

Сайыс екі кезеңнен тұрды. Бірінші турда қатысушылар өз ана тілінде белгілі қаламгерлердің туындыларын жатқа айтса, екінші турда шығарманы қазақ тілінде жатқа айтуы керек. Ұлыбританиядан келген Камс Камуабо, жиналған көрермендерді Абай Құнанбаевтың «Желсіз түнде жарық-ай» шығармасын қазақ тілінде нақышына келіп орындауымен тамсандырды.

Камс мырза, Қазақстанға осыдан алты жыл бұрын келген. Ең алғаш қазақ тілін Семей қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде еңбек етіп жүргенде үйрене бастапты. Бүгінде өз ойын еркін жеткізуге тырысып жүргенін айтады.

* Мен тіл байқауына алғаш рет қатысқандықтан қобалжыдым. Бірақ көрермендердің демеуі менің туындыларды көңілімнен шығатындай қылып орындауға мүмкіндік берді. Мен Абай Құнанбаевтың еңбектерін жақсы көремін. «Көзімнің қарасы» әнін жақсы көремін, -дейді ол.

Жеңімпаздың ойынша байқау барысында шығарманың мазмұнын түсініп орындау маңызды. Абайдың терең ойларын ағылшын тілінде айтып берген ол ұлы ойшылдың еңбектерін үнемі оқуға тырысатын көрінеді.

* Қазақ тілі ерекше тіл. Сондықтан, үйренуді әлі жалғастырамын. Біздің мектебімізде шет ел ұстаздарына қазақ тілін үйрену сабағы бар. Тұрақты түрде қатысып қана қоймай, мен «Қазақ» радиосын, телеарналардағы қазақ тілді шоуларды көргенді жақсы көремін, – деді мұғалім.

Байқау нәтижесінде қазылар алқасы, мұғалімнің өнерін жоғары бағалап, бас жүлдені табыстады. Ал зияткерлік мектептің химия пәні мұғалімі Венера Суровцева екінші орынға лайық деп танылды,