Мектептің алғашқы түлектері аттанды

Ақтаудағы зияткерлік мектепте алғашқы қоңырау сыңғырлады

 

Бүгін Ақтау қаласындағы химия-биология бағытындағы  Назарбаев зияткерлік мектебінде кезекті алғашқы қоңырау соғылды. Білім ордасы жаңа оқу жылын 620 оқушымен бастады. Оның 80-і «Өркен» білім грантына ие болды. Енді зияткерлік мектепте 7-сыныпта 3 қазақ, 1 орыс сыныбы оқиды.

Мерекелік жиын жаңа оқушыларды таныстырудан басталды. Олар жиналғандар алдында салтанатты түрде жүріп өтті. Кейін мектеп директоры Ермек Пайзов оқу жылының басталуымен құттықтап, жаңа қабылданған оқушыларға оқуда сәттілік тіледі.

  • Өткен оқу жылының ең маңызды оқиғаларының бірі – алғашқы түлектерімізді ұшыруымыз болды. Мектептен түлеп ұшқан 87 түлектің бүгінде 85 %-ы Қазақстанның ең үздік университеттері мен шет ел университеттерінің грантына ие  болды. Мұның барлығы білім мен тынбас еңбектің арқасы.  Сол себепті,сіздер де үздік болуға тырысып, болашақ көшбасшылардың қатарынан көрінеді деп үміттенеміз, – деді мектеп директоры.

Кейін 11-сынып оқушылары жас зияткерлерге мектептің арнайы қабылдау төсбелгісін табыстады.

  • Немеремнің еліміздегі ең үздік мектептерінің біріне түскеніне қуаныштымын. Басқа да ата-аналарды осындай қуаныштарымен құттықтаймын. Біздің балаларымыз мектеп ұжымы артып отырған үмітті ақтайды деп сенеміз. Барша қазақстандықтарды оқу жылының басталуымен құттықтаймын, – деді 7- сынып оқушысы Ғалымжан Ыдырыосовтың әжесі Жамила Әділмұхаммедова.

Сонымен қатар, салтанатты шара барысында мектеп ұжымы жаңа ұстаздарды қошаметтеп, зияткерлік мектептің мойынорағышын тарту етті. Кейін жаңа мұғалімдер парады өтті.

Ал, алғашқы қоңырауды соғу құрметі іріктеу кезеңінде ең үздік балл жинаған Альмира Нұрланова мен Нұрхан Өтебаевқа берілді. Естеріңізге сала кетейік, Назарбаев Зияткерлік мектептерінде білім алуға мүмкіндік беретін «Өркен» білім грантына байқау биылғы жылдың наурызында өткізілген болатын. Байқауға 900-ден аса үміткер сынақ тапсырып, өз бақтарын сынаған еді. Солардың ішінен ең жоғарғы балл жинаған 80 бала ғана іріктеліп алынды, Сынақта 1000 балл ішінен ең жоғары жиналған балл 910-ды құрады.

Мерекелік жиыннан соң ұстаздар  оқушыларға «Мен елімнің патриотымын!» тақырыбында алғашқы сабақ өткізді.

 

Ақтау қаласы

химия-биология бағытындағы

Назарбаев Зияткерлік мектебінің

баспасөз қызметі