ДӘРІГЕРЛЕРМЕН КЕЗДЕСУ: «МЕДИЦИНАҒА ЖҮРЕКПЕН КЕЛУ КЕРЕК»

Ақтау қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 11-сынып оқушылары бүгін Маңғыстау облыстық ауруханасының Анестезиология және реанимация бөлімінің жетекшісі Қазыбек Келаманов пен Облыстық онкологиялық диспансерінің клиника-диагностика бөлімінің басшысы Рыс Усербаевамен, Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Азамат Сәрсенбаевпен жүздесті. Кездесуге болашағын медицинамен байланыстырғысы келетін зияткерлер жиналып, кәсіби мамандардың ақыл-кеңестері мен ұсыныстарын тыңдады.

– Маңғыстау облысында дәрігерлер жетіспеушілігі бойынша, алдыңғы орында тұр. Сол себепті, біз, дәрігер мамандығының жауапкершілігі мен оның қыр-сыры туралы мәлімет беру мақсатында зияткерлік мектепке келіп, ақпаратымызбен бөлістік, – дейді баспасөз хатшысы Азамат Сарсенбаев.

Оның айтуынша, қазірдің өзінде облыста 277 маман тапшы. Сырқаттар статистикасымен таныстырған ол өлкеге қажетті дәрігер түрлерін атап өтті.

Ал, 2018 жылдың «Үздік дәрігері» атағын алған Рыс Усербаева, аймақта онкологиялық аурулар бойынша Маңғыстау алғашқы бестікте екендігін айтып, эндоскопистердің қажеттілігі ерекше байқалатындығын айтты. Сонымен қатар, ол қазіргі таңда Назарбаев Университетіндегі докторантурада білім алу туралы баяндап, заманауи медицинада қажет етілетін басты қабілеттердің бірі ағылшын тілі екенін айтты.

– Медицина саласы күн санап емес, сағат сайын дамып келе жатыр. Қазірдің өзінде ағзаның адамның қолы жетпейтін жерлеріне ота жасайтын роботтар бар. Ота жасаушы дәрігер роботтарды басқарып отырады. Бұл өз өмірімізде орын алып жатқандықтан, үнемі білім жетілдіріп отыру маңызды, – деді ол.

Сондай-ақ, кездесу барысында білікті дәрігерлер оқушылар таңдаған мамандықтары бойынша қандай жоғарғы оқу орындарына түсуге болатындығын айтып, біршама кеңестер берді, сұрақтарға жауап берді. Ал, жақында жаңаөзендік баланың асқазанынан пульт батареясын отасыз шығарған Қазыбек Келаманов дәрігерлік үлкен жүрек пен жанашырлықты талап ететіндігін айтып, өз мамандығына деген құрметі артқан сәттер туралы айтып берді.

– Медицинаға үлкен жүрекпен келу керек. Өйткені, сіздің алдыңызға келген адамның үміті сізде. Сондықтан, жалақылы жұмыстан бұрын өз ісіңізді сүйе білу керек, – деді Қазыбек Келаманов.

Оқушылар өз кезегінде өлкеміздің тұрғындарының денінің сау болуына елеусіз еңбек сіңіріп жүрген кәсіби мамандарға уақыт бөліп келгендері үшін алғыс білдірді.