ЗИЯТКЕРЛЕР №51809 ӘСКЕРИ БӨЛІМІНЕ БАРДЫ

Қыркүйектің 24-і күні Ақтау қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 10 сынып оқушылары Маңғыстау облыстық жастар орталығының «Кәсіби бағдар» жобасы аясында ҚР «Әуе-қорғаныс күштерінің» №51809 әскери бөліміне барды.  Отан қорғаушылар зияткерлік мектеп оқушыларын ыстық ықыласпен қабыл алып, әскери өмірдің қыр-сырымен таныстырды. Дивизион командирінің тәрбие және идеология жұмысы бойынша орынбасары Ерболат Жұмабай оқушыларды қарсы алып, әскери бөлімді аралатып, әскери техникаларды көрсетіп, мамандыққа оқытатын оқу орындары туралы айтып берді.

Кездесу барысында сержант Абзал Азаматович, оқушыларға «Зенит» техникасы туралы баяндап, ұрыс кезде қолдану барысы туралы айтып берді.

  • Бұл құрылғы әуедегі және жердегі қауіпті нысандарды 100 метр қашықтықтан 4 мың метр қашықтыққа дейін жоя алады. Жақында Маңғыстауға сапары барысында дәл осы қарудан ҚР Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев атып көріп еді, – деді сержант.

Кейін балалар қарумен жақынырақ танысуға мүмкіндік алды. һ

Кездесудің құрметті қонақтарының бірі “Айбын” патриоттық клубының төрағасы, Ауған соғысы ардагері Матжан Шаулиев болды. Ол әскерде Отан алдындағы парызын өтеген күндері мен оқиғаларды, соғыстағы әр-түрлі жағдайлар туралы баяндады. Сонымен қатар, ол жас зияткерлергді “Айбын” клубының мүшелігіне шақырды.

Кейін балалар Калашников автоматының ерекшелігі туралы тыңдап, солдаттардың казармасын аралады. Әскери өмірмен жақын танысқан зияткердер мамандық ретінде оқытатын жоғарғы оқу орындары, әскери қызметтің тиімді тұстары, жалақысы, кәсіби артықшылықтары туралы сұрады. Дивизион басшылығы сауалдарға жауап беріп, балаларды әскерде борыш өтеуге және қызмет етуге шақырды.

  • Бүгін өз басым көп мағлұмат алып, ерекше патриоттық сезіммен қайттым. Бұйырған экскурсия үшін мектебіме, “Кәсіби бағдар” бағдарламасына алғыс айтамын,- дейді 10 сынып оқушысы Нығметолла Қосым.