Зияткерлер 40 көшет отырғызды

Ақтау қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің “ЮНЕСКО” клуб мүшелері мен оқушылары қыркүйектің 28-і күні оқу ғимаратының айналасын көгалдандыру мақсатында 40 жеміс ағашын отырғызды. Сенбілік жемалысқа қарамастан белсенді жұмыс істеп, алма, алмұрт, шие көшеттерін асқан ыждағаттылықпен, жинақылықпен отырғызды.

– “ЮНЕСКО” клубы өткен оқу жылынан бастап белсенді жұмыс істеп келеді. Өткен сенбі дүние жүзі бойынша тазалық күні болды. Қатты жел соққандығына қарамастан біздің оқушылар Каспий жағасын тазалауға шықты. Ал бүгінгі көшеттерді өз қаражатына алып берген клуб мүшесі, зияткерлік мектептің ағылшын тілі пәні мұғалімі Асел Батталоваға алғысымыз шексіз, – дейді жаһандық перспективалар және жобалық жұмыс пәнінің мұғалімі Гүлден Суюндикова.

Көшеттердің қаз-қатар тізіліп, дұрыс егілуі үшін мектеп бақташысы Айсеулу Молдамурадова арнайы көмек көрсетті.