МАҢҒЫСТАУЛЫҚ ЗИЯТКЕРЛЕР ГЕРМАНИЯНЫ БАҒЫНДЫРДЫ

Мамыр айында біздің ұстаздарымыз бен оқушыларымыз тамаша жаңалықпен қуантты.

Ақтаудағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті Айгүл Айтан және неміс тілі пәні мұғалімі Асел Баймұханбетова, 11-сынып оқушылары Фарида Оспан, Несібелі Алтыбай, Амина Абіл мамырдың 9-ы мен 13-і аралығында Германияның Бремен қаласында өткен экология тақырыбына арналған V халықаралық жастар конференциясына қатысып қайтты. Конференция қатысушылары Маңғыстау өңіріндегі тамаша табиғаты бар Түпқараған ауданында туризмді дамыта отырып, экотуризмді дамытуды ұсынды.

Мәскеудегі Гёте университетінің қолдауымен Конференцияға әлемнің 11-елінен 13 команда қатысқан. Жиын қонақтары экологиялық проблемаларды көтеріп, олардың шешу жолын неміс тілінде қорғады. Ең алдымен проблемаларға арналған постер-сессия өтсе, екінші кезеңде қатысушылар өз ұсыныстарын презентация арқылы білдірді. Айта кетейік, біздің зияткерлер Қазақстаннан барған жалғыз команда.

– Оқу жылының басында мектептің ғылыми жұмыс жөніндегі үйлестірушілері ғылыми жобалар мен конференциялардың циклограммасын жасақтаған болатын. Осы циклограммадан өз мүмкіндігім мен зерттеу жұмысымызға қарай аталған конференция жайлы біліп, қатысып көруді шештік. Басты мәселе жоба неміс тілінде қорғалуы тиіс болды. Бұл тұрғыдан оқушыларымыздың неміс тілі үйірмесіне қатысуының арқасында жинаған білімі мен пән мұғалімі Асел Баймұханбетованың көмегі көп тиді, – дейді жоба жетекшісі Айгүл Айтан.

Зияткерлер Түпқарағандағы көрікті жерлерде экотуризмді дамыту мәселесімен бірнеше айдан бері айналысып келеді. Олар Қапы, Тамшалы, Ақеспе, Сұлтан үпі, Түлкібас, Саура, Форт-Шевченко, Сартас, Шақпақ ата секілді көрнекті орындар белгіленген маршруттық карта сызып, аталған жерлердің топырағының, суының құнарлылығын зерттеген. Зерттеу жұмысын қорытындылай келе, маршруттық картаға енген өңірлерде табиғи қалпын сақтайтын туристік орталықтар жасауды ұсынып отыр.
Айта кетейік, зияткерлер 2018-2019 оқу жылынан бастап, зияткерлік мектеп оқушылары неміс, кәріс, француз, қытай тілдерін екінші шет тілі ретінде меңгере бастаған еді.