ҒАЛАММАДИН KAIST УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ГРАНТЫНА ИЕ БОЛДЫ

Ақтау қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде тамаша жаңалық!

Білім ордасының 12-сынып оқушысы Ғаламмадин Асқар Кореядағы KAIST (Korea Advanced Institute of Science and Technology) университетінде тегін оқуға шақырту алды. Зияткерлік мектептің ең үздік оқушыларының бірі болашақта электроника инженериясы мамандығы бойынша білім алмақ.

Ғаламмадин Оңтүстік Кореяның Теджон қаласындағы жетекші технологиялар университетіне құжат тапсыру үшін физика мен математикадан SAT Subject және SAT Readining, ағылшын тілін біліктілік деңгейін анықтайтын IELTS емтихандарын тапсырып, жоғары көрсеткіш көрсеткен.

– SAT емтиханынан 1600 баллдың 1600-ін алдым. Ал IELTS көрсеткіші 6.5 балл болды. Құжаттарымды жинап, университетке жолдадым. Кейін оқу орнының сайтына грантқа өткенім жөніндегі тізім жарияланды. Қуанышымда шек жоқ, – дейді болашақ түлек.

Ескеретін жайт, Ғаламмадин Назарбаев университетінің Direct бөліміне де білім грантын алып еді.

– Назарбаев университетінде оқу туралы ойланғаныммен, KAIST электроника саласы бойынша білім беруден әлемнің үздік 20-лығына кіреді. Сонымен қатар, өзге елдегі технологиялармен жақынырақ танысуға, тәжірибеден өткізуге үлкен мүмкіндік деп есептеймін. Университетке түсуге еңбек сіңірген барша ұстаздарыма, соның ішінде физика-математика пәнінің мұғалімдеріне мың алғыс, – дейді зияткер.

Ақтаудағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің бүгінде екі түлегі Оңтүстік Кореяда білім алып жатыр. Төремұрат Аралбаев (2017) пен Нұрдаулет Төребай (2019) Пусан мемлекеттің университетінің студенттері.