Қаңтардың 20-сы күні Ақтау қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің мұғалімдері зияткерлік мектептер тәжірибесін тарату бағдарламасына сәйкес облыстағы пилотты мектептер мұғалімдеріне және түрлі әндерді тереңдетіп оқытатын Дарынды балаларға арналған мектеп интернатының мұғалімдеріне «Үш тұғырлы тіл-уақыт талабы» тақырыбында семинар өткізді. Семинарға келген 56 мұғалімге үш тілді тиімді қолдана отырып, сабақты қызықты әрі түсінікті қылып өткізу жолдары көрсетілді.
Мектеп директорының кәсіптік-сынама жұмыстары жөніндегі орынбасары Ринат Жұмабаевтың сөзінше, семинардың негізгі мақсаты -мұғалімдерінің білім сапасын арттыруға құрал болатын инновациялық технологияларды өз практикасына енгізу тәжірибесін көрсету арқылы облыс мұғалімдерінің кәсіби шеберлігін дамыту, Ақтау қаласы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі мұғалімдерінің тәжірибесін трансляциялау арқылы ағылшын тілін меңгеруге бағыттау.
Семинар-практикум барысында орыс тілі пәні мұғалімі Гүлсайран Сүлейменова «Тілдік пәндерде жаңа оқулықтармен жұмыс істеудің ерекшеліктерін» айтса, физика пәні мұғалімі Ольга Качнова «CLIL технологиясын қолданып физика сабағын өткізу» жайлы баяндады.
– Үш тілде сабақ өткізу мұғалімдерді алғашында үрейлендіргенімен оны тиімді қолдана білсе оңай. Өзім ағылшын тілінде физика пәнін өткізіп жүрмін. Бұл тұрғыда маған CLIL технологиясы жақсы көмектесті,- дейді физика пәні мұғалімі Ольга Качнова.
Сонымен қатар, химия, биология, математика, информатика, қазақ тілі, ағылшын тілі пәндерінің мұғалімдері өз тәжірибелерімен бөлісті. Мәселен, жақында ғана Лондонға барып, CLIL технологиясын тереңдете меңгеріп келген информатика пәні мұғалімі Айзада Нұрланова пилотты мектеп мұғалімдері мен дарынды балаларға арналған мектеп интернатының мұғалімдеріне түрлі тапсырмалар ұсыну арқылы түсіндірді.
Ағылшын тілі пәні бойынша практикумды білім ордасындағы шет ел мұғалімдері өткізіп, жиналған ағылшын тілі пәні мұғалімдеріне курс ұйымдастырды.
– Ақтау қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебіне дарынды балаларға арналған мектептен 40 мұғалім боп келіп, үш тілде сабақ беру бойынша семинар-тренингтерге қатыстық. Жеті семинардың екеуіне қатыстым және барлығы ұнады. Жаңартылған білім беру бағдарламасы біздің мектептерімізге де еніп жатыр. Сол себепті зияткерлік мектеппен әлі де жұмыс жасаймыз деп үміттенемін. Алдағы уақытта мектеп ұстаздарымызға арнап ашық есік күнін ұйымдастырып, сабақтарына қатысуды ұсынып отырмыз, – дейді семинар жөнінде Дарынды балаларға арналған мектеп интернатының директорының ғылыми-әдістемелік істер бойынша орынбасары Раиса Сыдыкова.
Рысгүл Рамазанова,
Ақтау қаласындағы
Назарабев Зияткерлік мектебінің
баспасөз хатшысы