АРМАН SAT-ДАН ҮЗДІК НӘТИЖЕ КӨРСЕТТІ

Ақтау қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде тағы бір қуанышты жаңалық. 12-сынып оқушысы, көптеген пәндік олимпиадалардың жүлдегері, мектеп мақтанышы  Арман Жұмахан жаз мезгілінде SAT пәндік тестінен математика және физика пәндері бойынша үздік нәтиже көрсетіп, ықтимал 800 балдың 800-ін (екі пәнді қосқанда 1600) жинады. Таңдау пәнінің емтиханы ағылшын тілінде өтетінін және күрделі екенін ескерсек, бұл Маңғыстау облысындағы өте сирек кездесетін керемет нәтиже.

SAT емтиханы – халықаралық деңгейде танымал және шет ел университеттеріне, соның ішінде АҚШ-тағы жоғары оқу орындарына түсу үшін тапсырылуы міндетті емтихан. Сынақ барысында үміткердің пәнді білуі, түсінуі және ойын жеткізе алу қабілеттері сыналады. Емтихан үш сағаттан және үш бөлімнен тұрады.

  • SAT емтиханы ұзақ әрі тыңғылықты дайындықты қажет етеді. Қазір reading бөлімін тапсыруға дайындық үстіндемін. Жалпы әуе инженериясы қызықтырады. Болашақта сол саланы таңдап қалуым мүмкін, – дейді болашақ мектеп түлегі.

Арман зияткерлік мектептің оқушыларын физика, математика пәндерінен олимпиадаға қатысушы оқушыларды дайындайтын арнайы топтың мүшесі. Ол өзі біліп қана қоймай, білгенімен бөлісіп, көптеген оқушыларға үлгі болып жүр. Бос уақытында кітап оқығанды жақсы көреді. Сүйіп оқитын кітап жанры –автобиография.

Ақтау қаласындағы 

Назарбаев Зияткерлік мектебінің 

баспасөз қызметі