Ақтаулық мұғалімдер Жаңаөзенде тәжірибелерімен бөлісті

Ақтау қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің мұғалімдері, Педагогикалық шеберлік орталығы филиалының тренерлері және пилоттық мектептердің мұғалімдері Жаңаөзен қаласындағы жалпы білім беру мектептерінің мұғалімдеріне «Жаңартылған білім мазмұнын енгізу жағдайында саралап оқыту мен критериалды бағалауды ұйымдастырудың тиімді әдіс-тәсілдері» тақырыбында семинар өткізді. Жаңаөзен мектеп-гимназиясының базасында өткізілген тәжірибе бөлісу шарасына қаладағы 24 мектептің ұстаздары мен басшылығы, мектеп координаторлары, кітапханашылары қатысты. Зияткерлік мектептің ұстаздары оқушыларға кәсіби бағдар беру, саралап оқыту әдістері, баланың тұлғалық өсуі мен тәрбиелеу, критериалды бағалау, кітап оқуға баулу және т.б турасында атқарған жұмыстарымен бөлісті.

Кездесу пленарлық отырыстан басталды. Зияткерлік мектеп директоры Ермек Пайзов сөз алып, зияткерлік мектептің тәжірибесін өзге мектептерге тарату жұмыстары туралы толық мағлұмат берді. Сондай-ақ, Жаңаөзен мектеп-гимназиясы мен №22, 23 жалпы білім беру мектептерінің кітапханасына «Bookcrossing» шарасы аясында кітаптар сыйлады. Кейін Педагогикалық шеберлік орталығының директоры Қатира Боранбаева мұғалімдердің шеберлігін шыңдауға қатысты атқарылған жұмыстар жайлы баяндап, жаңартылған білім беру бағдарламасына көшуде туындаған сауалдарға жауап берді.

Семинар алты секция бойынша жұмыс істеді. Мектеп директорларының басын қосқан «Ұжымды басқару: көшбасшылық және командалық жұмыс» секциясында кәсіптік бағдар беру жұмыстары бойынша кеңесші Сауле Алдабергенова кәсіби бағдар жұмыстарын ұйымдастыру туралы айтса, зияткерлік мектеп директоры Ермек Пайзов білім ордасының миссиясын, ұранын, ұстанымын анықтау маңыздылығы және жаһандық азаматтық түсінігін енгізу туралы баяндап, білім ордасында бұл тұрғыда атқарылған жұмыстарды көрсетті.

* Бүгінгі семинарда маған жаңалық болған Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушыға кәсіптік бағдар беру жұмысы. Бұл маған өте ұнады және мен алдағы уақытта өз мектебіме енгіземін деген шешім қабылдадым. Зияткерлік мектептің кәсіптік бағдар беру жұмысы бойынша кеңесшісімен тығыз байланыста жұмыс жасаймын деген үміттемін, – дейді Жаңаөзендегі №19 мектептің директоры Күлаш Жүгенбаева.

«Мұғалімнің кәсіби дамуы – сапалы білім негізі» секциясында , қазақ тілі пәні мұғалімі Жаннұр Мауытова мен мектеп директорының ғылыми-әдістемелік жұмыстар жөніндегі орынбасары Бақытгүл Жақсылықова Жаңаөзендегі мектеп директорының ғылыми-әдістемелік, инновациялық жұмыстар жөніндегі орынбасарларына мұғалім көшбасшылығы арқылы мұғалімнің кәсіби дамуына ықпал ету жолдарымен бөлісті. Ал жаһандық перспективалар мен жобалық жұмыс пәні мұғалімі Гүлден Сүйіндікова ұстаздар арасында өзектілігін жоймаған іс-әрекеттегі және сабақты зерттеу тәжірибесі мен әдіс-тәсілдері жайлы айтты.

Биылғы жылдың 25-26 қазан күндері Астана қаласында өткен Х «Жаңа дәуірдің мектебі» ғылыми-тәжірибелік конференциясында әлемнің 24 елінен жиналған білім сарапшылары баланы тәрбиелеу жұмыстары жайында мәселе көтеріп оны мектепте жүйелеу туралы, баланы мектеп аясында тәрбиелеу өзектілігін жоймағанын айтқан еді. Бұл тұрғыда зияткерлік мектептің тәрбие беру жұмыстары өзге мектептерге үлгі ретінде таратылуда. Мәселен, мектеп директорының тәрбие жұмыстары жөніндегі орынбасары Алтынзер Ихсанова мен мектеп кураторлары «Мәңгілік ел» ұлттық идеясы мен «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру арқылы мектептегі тәрбие жұмысын ұйымдастыру» секциясында бала және ата-анамен жұмыс туралы және ата-ананы мектеппен бірге жұмыс істеуге бет бұрғызу әдістері жайлы айтты.

Балаға білім берудегі маңызын жоймаған тағы бір мәселе – мектеп қабырғасында оқушыларды кітап оқуға баулу. Семинарда бұған қатысты «Оқушыларда кітап оқу мәдениетін қалыптастырудың белсенді әдістері» секциясы ұйымдастырылды. Мектеп кітапханашысы Жанар Бахитова балаға «кітап джемі» және ертегілер мен шығармалар негізінде «3D кітап жасауды» 20-дан аса кітапханашыға көрсетті, бірігіп кітап жасады. Кітапханашылар мұндай шаралардың балаларды кітап оқуға расымен баулитындығын айтып, пікірлерімен бөлісті.

Директордың бейінді-экспериментальдық жұмыстар бойынша орынбасары Ырыскүл Имамбаеваның жетекшілігімен «Критериалды бағалау жүйесін енгізу процесін басқару» секциясы өтті. Мектеп координаторларына педагогикалық шеберлік орталығының тренерлері мен пилоттық мектептердің мұғалімдері жаңартылған білім мазмұны жағдайында оқушыларды жиынтық бағалаудың ерекшеліктері туралы баяндады.

Көптеген пән мұғалімдеріне қызықты болған секция – «Жаңартылған білім мазмұны бойынша оқыту ерекшеліктері». Бұл секция бойынша 200-ден аса пән мұғалімдерін қамтыған 10 топ жұмыс жасады. Қазақ, орыс, ағылшын тілдері, математика, тарих, география, химия, биология, информатика, физика пәндерінен сабақ беретін мұғалімдер жаңа білім мазмұнына қатысты жаңа әдіс-тәсілдер бойынша тәжірибе алмасып, оқушы жетістігін критериалды бағалау, саларап оқыту туралы тың деректер алды.