CАНКТ-ПЕТЕРБУРГТЕГІ ЖЕҢІС

Ақтау қаласы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 7-сынып оқушысы Мадина Ғабдолла Санкт-Петербург қаласында өткен «Химия: ғылым және өнер» атты мектеп, гимназия, лицей оқушылары және колледж студенттеріне арналған В.Я. Курбатов атындағы ІХ халықаралық ғылыми жобалар және олимпиада байқауында І дәрежелі дипломға ие болды. Байқаудың қорытынды кезеңіне жалпы 70 зерттеу жұмысы қорғалды. Жас зияткер «Химиядағы алғашқы қадамдар» секциясында жеңімпаз атанды.

7-сынып оқушысы қазылар алқасының алдында «Біз ішетін шай» тақырыбындағы зерттеу жұмысын ұсынды. Оның айтуынша, ол химия пәні мұғалімі Айбар Мұрзабековпен бірге күнделікті өмірде тұтынатын шәй түрлерінің құрамын зерттеген.

– Біз үнемі шайға қатысты «тым ащы екен», «шығымы жақсы екен» не болмаса «дәмі нашар екен» деген әртүрлі пікірлерді естіп жатамыз. Бірақ, оның құрамында не бар, қандай химиялық элементтер бар, олар қаншалықты ағзаға зиян немесе пайдалы екендігін ойланбаймыз. Сол себепті оның құрамын анықтауды жөн көрдік,-дейді ғылыми жетекші Айбар Бейбітұлы.

Аталған тақырыптағы зерттеу жұмысы биылғы оқу жылының алғашқы тоқсанында басталған. Осы күнге дейін бірнеше зерттеу жұмыстары жүргізілген.

– Зерттеу үшін біз шайдың 4 түрін алдық (қара «Ассам» шайы, «Bayсe» көк шайы, «Принцесса Ява» каркаде және «Lipton» шайы). Зерттеу барысында біз кофеин мен танин мөлшерін анықтау лабораториялық жұмысын жүргіздік. Нәтижесінде кофеин мен таниннің ең көп мөлшері қара «Ассам» шайынан анықталды, – дейді жобасы жайлы Мадина Ғабдолла

Сонымен қатар, қышқылдық орта (шай қышқылдығы) және визуальды-колметриялық сараптама жүргізілген.

* Қорытындылай келе, біз кофеге қарағанда шайды көбірек ішуді ұсынамыз. Себебі шай құрамындағы кофеин адам ағзасына сіңеді және улану қауіпі төмен, – дейді жеңімпаз.

Жоба жетекшісінің сөзінше, зертеу жалғасын табу керек.

– Тибеттің кейбір өңірлерінде шайды қантпен емес, тұз қосып ішеді. Болашақта біз олардың қант орнына тұзды неліктен қолданатынын және оның адам ағзасына әсерін бақылаймыз.- дейді жоба жетекшісі.

Санкт-Петебург қаласындағы мемлекеттік технологиялық университет пен Д.И. Менделеев атындағы Ресейлік химиялық қоғамның Санкт-Петербург қаласындағы бөлімі халқыаралық В.Я. Курбатов атындағы «Химия: ғылым мен өнер» атты байқау-олимпиадасын 2010 жылдан бері өткізіп келеді. Осы жолы сайыс Менделеев элементтерінің периодтық жүйесінің ашылуына 150 жыл мерейтойына орай ұйымдастырылды.