Ақтау қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 11-сынып оқушылары Асқар Ғаламмадин мен Гүлназ Жұмахан және 9-сынып оқушысы Ерлан Тұралы желтоқсанның 12-сі күні облыс орталығындағы Қазақстан халқы ассамблеясында өткен «Маңғыстау жастары – жаңғыру жолында» атты жастар форумында Маңғыстау облысының басшысы Ералы Тоғжановқа өз жобаларын ұсынды.
Гүлназ бен Ғаламмадин «Күн энергиясын ауыл шаруашылығында пайдалану» тақырыбындағы жобаларын таныстырып, күн панелдьдерінің көмегімен жарық жетпейтін ауылдарға жарық жеткізу жолдарын түсіндіріп, өздері дайындаған макетте батареялардың жұмыс жасау принцпін көрсетті.
- Біз бұл жобаны ауыл шаруашылығымен айналысатын орталықтардан қашық, электр энергиясы жүргізілмен жерлерге және үнемдік мақсатта пайдалануды ұсынамыз, – дейді Ғаламмадин жоба жайында.
Ал Ерлан Тұралы балалардың ойын алаңдарына қатысты «Natural energy park» деп аталатын тың жобасын ұсынды. Ерланның ұсынысына сүйенсек, балалар алаңын толықтай электр тоғының күшімен қамтамасыз етуге болады.
Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов зерек балалардың жобаларына қызығушылық танытып, ризашылығын білдірді. Жастар форумына арнайы шақырылған қонақтар да оқушылардың жобаларымен танысты. Мәселен, Гарвард университетін тәмамдаған белгілі тренер Шыңғыс Мұқан жобаны тыңдап болған соң, бірнеше сұрақтар қойды, технологиялардың арқасында білімге сұраныс артқанын да айта кетті.