«Туған елге тағзым-2018» өлкетану экспедициясы: Маңғыстау кереметтері

Қазанның 22-сі мен 27-сі аралығында Маңғыстауда «Туған елге тағзым» өлкетану-зерттеушілік экспедициясы өтті. Өлкетану жобасына Астана және Көкшетау қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектептерінен 24 оқушы қатысса, Ақтау қаласындағы зияткерлік мектептің 12 оқушысы Алматы облысымен танысуға аттанды. Ақтаудағы зияткерлік мектеп тарихында екінші рет өткізіліп отырған саяхат бұл жолы «Маңғыстау кереметтері» деп аталды.

Астаналық және көкшетаулық зияткерлер бір аптаға созылатын шара барысында аймақтың флорасы мен фаунасы жайлы ақпарат алу үшін Маңғыстау облыстық ботаникалық бағына барса,  облыстық тарихи-өлкетану және «Отпан тау» тарихи-мәдени кешенінің мұражайында түбек тарихымен танысты. Сонымен қатар, Ақтау қаласында да экскурсия ұйымдастырылып, биыл қолданылуға берген үңгірлі жағалау көрсетілді.

Жоба бағдарламасына сәйкес, оқушылар Маңғыстаудағы ХІІ-ХІІІ ғасырлардағы сәулет өнері ескерткіші  саналатын Шақпақ ата жер асты мешітіне барды. Аймақтағы ең көркем орынның бірі  Ақеспе  жырасының (алқап) сұлулығына куә болды. Кезінде халықты жау шабуылынан қорғауға шақырған Отпантаудағы «Ұран отын» көріп, оның бүгінгі бейбіт өмірдегі маңызымен танысты. Өлкенің визитті картасына айналған Шерқала тауын көрді. Мектеп кураторы Марзия Жеткізгенова маңғыстау өңіріндегі қос ғашық Ақбөбек пен Қайыптың оқиғасы туралы Ақмыш бағында орналасқан Ақбөбек ескерткішінде айтып берді.

Маңғыстау тылсым жерлерімен ғана емес, ерекше тұлғаларымен де танымал. Қатысушылар түбектің тарихи тұлғалары Иса-Досан батыр ескерткішін көріп, Форт-Шевченко қаласындағы этнографиялық мұражайынан жергілікті халықтың тұрмысы туралы мәлімет алды. Сонымен қатар, суретші, украин ақыны Тарас Шевченконың музейіне барып айдаудағы өмірі туралы білді, басқа еш жерде кездеспейтін  мәліметтер мен экспонаттар  қорын көрді.

  • «Туған елге тағзым» жобасына қатысатын балалар өздері көріп қана қоймай, оны санасында қорыту мақсатында, күнделік толтырып, алған әсерін, мәліметтерін тізіп отырды. Бұл баланың туған жерге деген сүйіспеншілігін арттырып қана қоймай, алған мәліметтерді жадында сақтауға жақсы мүмкіндік, – дейді мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Алтынзер Ихсанова.

Өлкетану-зерттеушілік экспедициясы бойынша қорытынды күні Астана мен Көкшетау қаласының зияткерлері «Маңғыстау кереметтері» тақырыбындағы постерлерін қорғап, алған әсерлерін айтты.

  • Әрине, біз Маңғыстау әдемі деп еститінбіз. Бірақ біз бұл өлкенің сондай сұлу екендігін өз көзімізбен көргенде ғана сезіндік. Жәй Каспийдің өзі мұнда келіп, оның әдемілігімен тамсануға тұрады. Мұнда келу керек, барлығын көзбен көру керек. Кең байтақ туған жерімізді тануға мүмкіндік берген экспедиция ұйымдастырушыларына алғысым шексіз, – дейді Астана қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 11-сынып оқушысы Аружан Ошақбаева.

Ақтау қаласындағы

химия-биология бағытындағы

Назарбаев Зияткерлік мектебінің

баспасөз қызметі